Ораза айында сауапты іс жасап, көпке үлгі боларлық игі бастамаларымен ерекшеленіп жүрген Мақтаарал ауданының тұрғындары тағы бір жарқын жобаны жүзеге асырды. Ауданға қарасты А.Қалыбеков ауылдық округінің құрамындағы Жамбыл елді мекенінің тұрғындары ұзындығы 2,5 шақырым аумаққа 1000 дана тұт көшетін отырғызды. Ауыл ақсақалдары бастамашы болып, жастар жағы қолдау көрсеткен бұл шара ел бірлігінің, ауызбіршіліктің айқын көрінісіне айналды.
Игі іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында және Аязхан Қалыбековтің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты – елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту, ауыл аумағын көгалдандыру, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру.
Тұт ағашы – өңірдің табиғи-климаттық жағдайына бейім, күтімді аса қажет етпейтін, әрі көлеңкесі мен жемісі мол ағаштың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындары дәл осы көшет түрін таңдаған. Болашақта егілген тұт ағаштары ауыл келбетіне көрік беріп қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, жаз мезгілінде тұрғындарға сая болуға және жемісін кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Шара барысында ауыл қариялары батасын беріп, көпшілікке өнегелі сөз айтты. Олар табиғатты аялау – әр азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтті. Ал жастар жағы белсенділік танытып, көшет отырғызу, суару, қоршау жұмыстарын ұйымшылдықпен атқарды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта егілген көшеттердің күтімі тұрақты бақылауда болады.
Ауыл тұрғындарының ортақ іске жұмыла кірісуі – қоғамдағы ынтымақ пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ораза айындағы сауапты бастама көпке үлгі болып, өзге елді мекендерге де серпін беретіні сөзсіз. Табиғатты түлетуге бағытталған мұндай игі шаралар туған жердің көркеюіне, келешек ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға негіз болмақ.





