Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, аумақтық мекемелер мен дербес бөлімдердің жетекшілері, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы Нұрдәулет Рысбек күзгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндады.
Баяндама барысында аудан басшысы Бақыт Асанов әскерге шақыру бағытында жүйелі жұмыстардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Әрбір округ пен ауыл бойынша әскерге баратын жастардың толық тізімін жасап, жеке-жеке іздестіру және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», – деді, аудан әкімі.
Келесі мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы – аудан әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбеков «109» бірыңғай байланыс орталығының қызметі жөнінде есеп берді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері аудан тұрғындарынан 1405 өтініш түскен. Соның ішінде 1194 өтініш орталық мамандарының кеңес беруі арқылы шешілсе, 211 өтініш тиісті мекемелердің қатысуымен жабылған. Алайда, оның 14-і мерзімінен кешіктірілген, ал 1 өтініш әлі де орындау сатысында тұр.
Кешіктірілген өтініштердің 8-і ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, 4-еуі аудандық «Ветеринариялық қызметі» КММ-не, ал 2-еуі «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-на қатысты болған.
Бақыт Асанов бұл бағыттағы жұмысты қатаң бақылауда ұстап, тұрғындардың өтініштерін сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.
«Әрбір өтініштің орындалу барысы фото және видео айғақтармен расталуы тиіс. Жауапты мамандар халықпен кері байланысты күшейтіп, өтініштерді белгіленген мерзімнен кешіктірмеуі қажет», – деді, аудан басшысы.
Жиынның соңында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов газға қосылған елді мекендердегі тұрғын үйлерге газ беру жұмыстарының жай-күйі туралы баяндама жасады.
Аудан әкімі бұл бағытта да жұмысты ширату, жеделдету керектігін еске салды. Жиынды қорытындылай келе, сала басшыларына көрсетілген кемшіліктерді жою және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.










