Бүгін аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен аудан әкімдігі аппаратының кезекті жиыны өтті. Жиын барысында аудан көлеміндегі бірқатар өзекті мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — санитарлық тазалық пен кәсіпкерлік нысандарды ретке келтіру бойынша сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мырзакент және Атакент кенттерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Ол өз сөзінде қос кенттегі санитарлық тазалық деңгейі, стихиялық және заңсыз кәсіпкерлік нысандарын ретке келтіру, сондай-ақ сауда орындарының сыртқы қасбеттерінің келбетін жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, кемшіліктерді атап өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асанов бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында кент әкімдіктеріне, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, сауда нүктелерінің сыртқы келбетінің эстетикалық талаптарға сай болуын және тазалықты сақтауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиында қаралған екінші мәселе — аудандық коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану мәселесі болды. Бұл туралы ауданның экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Тұрашев баяндама жасап, қазіргі таңда аудандағы бос тұрған ғимараттар тізімі мен олардың жағдайы бойынша жүргізілген талдауды ұсынды.
Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды әлеуметтік немесе кәсіпкерлік мақсатта тиімді жұмсау қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында күн тәртібінен тыс бірнеше маңызды мәселе де назардан тыс қалмады. Соның ішінде ағын су тапшылығын жою мәселесі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, биылғы жылы өтетін ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы да пысықталды. Соңында шомылу маусымындағы су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары сөз болды. Бақыт Насырханұлы адам өмірінің қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайтынын қатаң ескертіп, тиісті мекемелерге су айдындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Аудан әкімі жиын соңында барлық бөлім басшыларына және кент әкімдеріне қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, белгіленген мерзім ішінде орындалуын талап етті.





