Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, ауданның бірқатар өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, аудан бюджетінің игерілу деңгейі, аудан әкімінің бұған дейінгі хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясының жүзеге асырылуы, мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің жай-күйі, көктемгі әскерге шақыру науқаны және алдағы ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы талқыланды.
Аудандық қаржы бөлімінің басшысы аудан бюджетінің орындалу көрсеткіштері бойынша баяндама жасап, жыл басынан бері орын алған кейбір кемшіліктер, жоспарды толық әрі тиімді игеру бағытында кездесіп жатқан кедергілер туралы баяндады. Сонымен қатар, “Таза Қазақстан” акциясы аясында атқарылған жұмыстар бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы баяндама жасап, экологиялық тазалықты сақтау бағытында бірқатар елдімекендерде сенбіліктер өткізілгенін, алайда кейбір ауылдық округтерде тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын айтты.
Жиын барысында Нұрбол Жақсылықұлы хаттамалық тапсырмалардың орындалуына салғырт қараған ауыл әкімдерін ерекше атап, олардың әрқайсысынан жеке-жеке жауап алды. Кейбір әкімдерге қатысты тәртіптік шара қолдану туралы тапсырма беріп, бұл туралы арнайы хаттамаға енгізуді жүктеді. Сонымен қатар, мемлекет мұқтажына қайтарылатын жерлер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың баяу жүруіне байланысты жауапты бөлімдерге нақты ескертулер жасады. Әскерге шақыру науқаны мен ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындықты пысықтау мәселесінде аудан басшысы халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, науқандық шараларға ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторларды толық тарту қажеттігін баса айтты.
«Әрбір мемлекеттік қызметші халықтың сенімін ақтап, жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарауы керек. Бастамалар мен тапсырмалар орындалу үшін емес, нақты нәтиже беруі тиіс. Тәртіп пен талап бар жерде даму болады» – деді, жиынды қорытындылаған Нұрбол Саттаров.
Айта кетейік, аппарат мәжілісі барысында айтылған ескертулер мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты мерзімдер белгіленді. Аудан басшысы келесі отырыста әр мәселе бойынша нақты нәтижелер мен көрсеткіштердің ұсынылуы қажет екенін ескертті.




