Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда әйелдер мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті

Мақтааралда әйелдер мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті

124

Мақтаарал ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлем сұлу көрінер анаменен» атты мерекелік салтанатты кеш өтті. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған ауданның ардақты аналары, еңбек ардагерлері, қыз-келіншектер мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Салтанатты кештің шымылдығы арнайы дайындалған бейнероликпен ашылып, мәдениет үйінің өнерпаздары қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік жиында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, барша нәзікжандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде әйел-аналардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, олардың отбасы берекесі мен ел бірлігінің ұйытқысы екенін айтты. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналар мен қыз-келіншектерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, құрмет көрсетілді.

Мерекелік кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров және ауданны білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асанхан Қошқаровтар да құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы орны мен тәрбиелік мәні туралы тағылымды пікірлерін білдірді.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың сахна төріне шығып, аналар мен аруларға арнап өнер көрсетуі болды. Ол «Бозторғай ана», «Айтшы жаным», «Дарите женщинам цветы» әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әндер орындалу барысында залда отырған аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтары табысталды.

Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар мен «Мерей» вокалды-инструменталды ансамблі де өз өнерлерін ортаға салып, «Ана», «Махаббат мұңы», «Ах, какая женщина», «Мама» және басқа да әндер орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Салтанатты шара соңында ұйымдастырушылар аналар мен аруларға ізгі тілектерін білдіріп, мерекелік кештің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.