Мақтаарал ауданында ағын су тапшылығын жою мақсатында құрылған арнайы жұмысшы топ тәулік бойы 24 сағат үздіксіз каналдар мен су арналарына кезекшілік жүргізуде.
Жұмысшы топ құрамына аудан әкімдігі қызметкерлері, ауылдық округтердің әкімдері, су шаруашылығы мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен еріктілер кірген.
Топ мүшелері су арналарына рейдтер ұйымдастырып, ағын судың әділ әрі кезекпен бөлінуіне қатаң бақылау жүргізіп отыр. Сонымен қатар, бөгеттер мен тоспаларды өз бетімен ашып, судың бағытын бұрған азаматтарды анықтау және оларға заң аясында шара көру жұмыстары да қатар атқарылуда.
Биыл Мақтаарал ауданында күріш дақылы жылдағыдан 3,5 есе көп егілгендіктен, мақтаны суғару маусымында ағын су жетіспеушілігі орын алғаны белгілі. Қазіргі таңда күріштікке беріліп жатқан суды толықтай тоқтату туралы шешім қабылданып, жұмысшы топ күріш еккен шаруаларға түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Сондай-ақ, рейд барысында суды кезекпен алу, су пайдалану тәртібін сақтау, оның ішінде пал алып суғару сияқты мәселелер қадағалануда.
Аудан әкімінің орынабсары Нұрбол Саттаров алдағы 15 күннің ішінде мақталық алқаптар толықтай суғарылып үлгермесе, мақта дақылының өнімділігі күрт түсіп кететінін тілге тиек еткен болатын. Ол нақты іс-шаралар жоспарын ұсынып, су арналары мен арық-атыздардың бойындағы шөптерді тазарту, қажет болған жағдайда насостар орнатып, мақтаны суғаруды жеделдету керектігін қадап айтқан еді.
Айта кетейік, Мақтаарал жұртшылығы мен шаруалары бұл бастамаларды қолдап, ортақ мүдде жолында бірігіп әрекет ету маңызды екенін түсінуі керек.



