2025 жылғы 17 шілдеде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың төрағалығымен аудан әкімдігі аппаратының үлкен мәжіліс залында адам саудасының және мәжбүрлі еңбектің алдын алу, сондай-ақ осы бағытта халықты ақпараттандыру бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Іс-шараға Түркістан облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Сұлтан Бөдеев, “Сана-сезім” әйелдер бастамалары құқықтық орталығы” қоғамдық бірлестігінің заңгері Элина Еникеева, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, жергілікті белсенді жастар және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Жиын барысында мамандар адам саудасы мен мәжбүрлі еңбекке қарсы күрестегі құқықтық тетіктерді, құрбандарды проактивті анықтау әдістерін, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастырудың жолдарын талқылады. Қатысушылар осал әлеуметтік топтармен жұмыс істеу тәсілдері мен бұл қылмыстың алдын алуда жергілікті билік пен қоғамның рөлін атап өтті.
Полиция подполковнигі Сұлтан Бөдеев нақты мысалдар келтіре отырып, құқық қорғау органдарының адам саудасына қарсы жүргізіп жатқан іс-шараларын баяндады. Ал, заңгер Элина Еникеева құрбандарды қорғау, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсету жолдарын түсіндірді.
Жиын соңында белсенді жастар тарапынан сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, олар мамандарға адам саудасы жағдайында қалай әрекет ету керек, шетелде жұмыс істеу кезінде қандай заңды құжаттарға мән беру қажет, күдікті жағдайлар туралы қайда хабарлау керектігі жөнінде бірқатар сұрақтар қойды. Сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар адам саудасының алдын алу бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, ақпараттық жұмыстарды жандандыру және осал топтарға қолдау көрсету жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Адам саудасына қарсы иммунитеті мықты, құқықтық сауаты жоғары қоғам қалыптастыру үшін мұндай іс-шаралар Мақтаарал ауданында жүйелі түрде жалғасын табады.




