Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда адам саудасының алдын алу бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті

Мақтааралда адам саудасының алдын алу бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті

85

Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратында адам саудасының алдын алу, мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау, сондай-ақ халық арасында ағарту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті.

Жиынға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық етті. Мәжіліске Түркістан облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Мадияр Жаушыбек, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұртәтіш Таңатар, аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қызметкерлері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлім басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының төрағалары және аудан тұрғындары қатысты.

Жиын барысында адам саудасының қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерінің бірі екені, оның алдын алу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың бірлескен жұмысы аса маңызды екені атап өтілді. Жиын аясында адам саудасының түрлері, оны жүзеге асыру тетіктері, құрбандарды анықтау жолдары мен оларға көрсетілетін көмек туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.

Сонымен қатар, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» ҚБ өкілі Нұртәтіш Таңатар слайд-презентация арқылы адам саудасы, мәжбүрлі еңбек, әлеуметтік осал топтардың тәуекелдері және адам саудасына қарсы іс-қимыл шаралары туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол адам саудасы құрбандарын, оның ішінде әлеуметтік құрбандарды проактивті түрде сәйкестендірудің маңыздылығына тоқталып, зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек түрлері жайлы ақпарат берді.

Жиынға қатысушыларға адам саудасының алдын алу бойынша арнайы дайындалған ақпараттық брошюралар таратылып, заңсыз еңбекке тарту мен алдаудың алдын алу жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, тұрғындарды сақ болуға, күмәнді жұмыс ұсыныстары мен шетелге немесе басқа өңірлерге заңсыз еңбекке шақыру фактілері туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарлауға шақырды.

Мәжіліс қорытындысында аудан көлемінде адам саудасының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.