Четверг, 29 мая, 2025
30.5 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ

Мақтааралда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ

Мақтаарал ауданында білім саласын дамыту бағытында маңызды қадам жасалуда. Атап айтқанда, О.Бапышев атындағы мектеп, сондай-ақ “Мырзакент” және “Мақтаарал” мектеп-гимназияларында күрделі жөндеу жұмыстары алдағы күндері басталады. Сонымен қатар, балалардың жаз мезгіліндегі демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық жазғы сауықтыру лагерінде де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, тағы 2 мектеп күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда.

Бұл жұмыстар – білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу процесінің сапасын арттыру және оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр.

Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аталған мектептер мен сауықтыру лагеріне арнайы барып, күрделі жөндеуден өтетін нысандардың қазіргі жай-күйімен танысты. Аудан басшысы мектептердің ішкі-сыртқы инфрақұрылымын мұқият қарап, жөндеу жұмыстары барысында сапаға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

Сапар барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Асанхан Қошқаров, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков және мектеп директорларымен жиын өткізіп, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлермен арнайы кездесті.

Кездесуде Бақыт Асанов мердігер компанияларға нақты талаптар қойып, жұмыстардың белгіленген мерзімде, сапалы және тиісті стандарттарға сай аяқталуы керектігін қадап айтты.

“Білім беру мекемелері – болашақ ұрпақ тәрбиеленетін киелі орындар. Сондықтан мұндай нысандарда ешқандай салғырттыққа жол берілмеуі тиіс. Құрылыс жұмыстары оқушылардың оқу процесіне кедергі келтірмей жүргізілуі қажет” – деді, аудан басшысы.

Жөндеуден өтетін мектептерде шатырды ауыстыру, сынып бөлмелерін жаңарту, жылу, су және электр жүйелерін ретке келтіру, сондай-ақ санитарлық тораптарды заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, кейбір мектептерде спорт және акт залдары да жаңғыртудан өтеді деп жоспарлануда.

Бүгінде Мақтаарал ауданында білім беру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігі мен облыстық білім басқармасы тарапынан мектептерге ерекше көңіл бөлініп, жаңа мектеп ғимараттарын салу және қолданыстағыларын күрделі жөндеуден өткізу шаралары жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр.

Айта кетейік, ата-аналар мен педагогтар бұл игі бастамаға зор үмітпен қарап отыр. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, оқушылар заман талабына сай, жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алу мүмкіндігіне ие болады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ