2026 жылғы 13 ақпанда Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратының үлкен мәжіліс залында 2026 жылға жоспарланған салықтық және салықтық емес түсімдер жоспарының орындалу барысына арналған мәжіліс өтті.
Жиынға аудандық кірістер басқармасының басшылығы мен қызметкерлері, кент және ауылдық округ әкімдері, бас мамандар мен салық агенттері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету, жоспарланған түсімдердің орындалу деңгейі және алдағы кезеңге қойылатын міндеттер болды.
Мақтаарал ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы «Өндірістік емес төлемдер» бөлімінің басшысы А.Алтынбеков баяндама жасап, ағымдағы жылдың бюджет көрсеткіштеріне тоқталды. Оның мәліметінше, 2026 жылға арналған жергілікті бюджет жоспары 8 053 371,0 мың теңге болып бекітілген. Алайда жыл қорытындысы бойынша күтілетін түсім көлемі 7 298 462 мың теңгені құрауы мүмкін. Бұл – 754 909 мың теңге көлемінде орындалмау қаупі бар екенін аңғартады. Алдын ала есеп бойынша жоспардың орындалуы 91 пайыз деңгейінде қалыптасуы ықтимал екен.
Жиында бірінші тоқсан жоспарын орындау тетіктері де кеңінен сөз болды. Әсіресе, кент және ауылдық округтер бойынша жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтарынан қалыптасқан берешектер мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының 920.00 нысанды салық есептілік декларацияларын уақтылы тапсыруы, салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздардың өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Баяндаманы негізге ала отырып, аудан әкімінің орынбасары нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, бүгінгі күнге қалыптасқан жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтары бойынша берешектерін аудандық кірістер басқармасымен бірлесіп өндіру тапсырылды. Қаңтар айының соңына дейін әрбір кент және ауылдық округ әкімдері мен кірістер басқармасы қызметкерлері бірлесіп, жер және мүлік салығы бойынша 150,0 мың теңге, ал көлік салығы бойынша 2 100,0 мың теңге көлеміндегі қаражатты бюджетке өндіріп алу міндеті қойылды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарының 920.00 нысанды декларацияларын 2026 жылдың 31 наурызына дейін толық тапсыруын қамтамасыз ету және салықтық әрі әлеуметтік төлемдер бойынша берешектерді қысқарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған Б.Ш.Анарбеков берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Оның айтуынша, бюджет кірісінің тұрақты орындалуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі кепілі. Осыған байланысты алдағы уақытта әр аптаның жұма күндері атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланып, тиісті талдау жасалатын болады.







