Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтаарал ірі индустриялық орталыққа айналып келеді

Мақтаарал ірі индустриялық орталыққа айналып келеді

101

Соңғы жылдары Мақтаарал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, инвестиция көлемінің артуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы – аудан экономикасы нығайтып, жаңа деңгейге көтерді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,9 пайызға артты. Сонымен қатар, былтыр 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл – ауданда ірі жобалардың іске асырылып жатқанын, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылып жатқанын айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан экономикасына инвестиция тарту бағытында үлкен жобалар қолға алынып келеді. Атап айтқанда, өткен жылдың өзінде «Агрогруз» ЖШС тарапынан бақша өнімдерін экспорттауға арналған бекет, «GOLDEN RICE» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты және «BEGASH» ЖШС-ның пластик трубалар өндіру жобалары іске қосылды. Ал биыл мақта тұқымын және мақта майын өңдеу зауыттары, темір-бетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдеу зауыттары жүзеге асырылуда.

Ауданда жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ бар. Бүгінгі таңда бұл аймаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған, ал инвесторлар үшін тағы 2,14 гектар бос жер қарастырылып отыр.

Индустриалды аймақта бірқатар өндіріс орындары табысты жұмыс істеуде. Олардың ішінде жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары бар. Аталған кәсіпорындар жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, 2025–2026 жылдары іске асырылып жатқан жобалар да қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде тағы бір асфальт зауытының құрылысы, пластик труба шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан өнім өндіретін цехтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталатын болады.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауылдық округінің аумағында 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленгені белгілі. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады. Оның ішінде «Tabys Silkway» ЖШС-ның тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыты, «Taza Agro Onimderi» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты, «Мақтаарал Xing Feng» компаниясының мақта және мақта майын өңдеу зауыты, «Food Waste» ЖШС-ның органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыты, «Ханья Интернешнл» ЖШС-ның индустриалды парк құрылысы, «Qingdao Wanlin Food Co., LTD» ЖШС-ның дәмдеуіштер мен тағамдық қоспалар шығаратын зауыты және «Масло жировой завод» ЖШС-ның өсімдік майын өндіретін зауыты жобалары бар.

Айта кетейік, ауданда инвестициялық ахуал жақсарып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы күннен-күнге артуда. Инвесторлармен тікелей байланыс орнатып, қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешу және жобаларды сүйемелдеуде Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың еңбегі орасан. Бұл өз кезегінде аудан басшысының жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, Мақтааралды өңірлік индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға берік негіз қалануда.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.