2025 жылғы 14-16 шілде аралығында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен әуесқой футболшылар арасында өткен облыстық чемпионаттың іріктеу кезеңінде тартысты ойындар өрбіді.
Аталған додада «А» тобына түскен Мақтаарал, Шардара, Жетісай және Келес аудандарының командалары өзара бақ сынады. Әр матчта жоғары дайындық пен ұйымшылдық танытқан «Мақтаарал» командасы қарсыластарынан басым түсіп, топтың жеңімпазы атанды. Осылайша олар 2025 жылғы 13-15 тамыз күні «Түркістан Арена» стадионында өтетін облыстық футбол чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.
«Мақтаарал» командасының нәтижелері:
«Мақтаарал» – «Келес»: 2-1
Қайсар мінез көрсеткен матчта «Мақтаарал» ойыншылары шешуші сәттерде дәлдік танытып, жеңісті жұлып алды.
«Мақтаарал» – «Шардара»: 3-0
Команданың бұл ойыны ерекше сенімді өтті. Шабуыл шебіндегі жылдамдық пен қорғаныстағы ұйымшылдықтың нәтижесінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.
«Мақтаарал» – «Жетісай»: 2-1
Қарсылас лайықты қарсылық көрсеткенімен, Мақтаарал ойыншылары ойын тізгінін толық өз қолына алып, кезекті жеңіске жетті.
«Біз бұл турнирге тыңғылықты дайындықпен келдік. Ойыншыларымыздың алаңдағы ойыны мен бір-біріне деген сенімі жеңіске жеткізді. Енді басты мақсат – финалдық кезеңде облыс чемпионы атану. Жанкүйерлерімізге қолдау білдіргені үшін алғысымыз шексіз», – деді, команда өкілдері.
Айта кетейік, «Мақтаарал» командасы облыстың үздік командаларымен финалда кездесіп, чемпион атағы үшін додаға түседі. Бұл сында олардан жанкештілік, төзімділік және тактикалық шеберлік, ал көрермендерден үлкен қолдау талап етіледі. Сондықтан, ауданымыздың барша жанкүйерлерін финалдық ойындарға шақырамыз!
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі