Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Мақтаарал ауданының әкімі «Құрмет» орденімен наградталды

Мақтаарал ауданының әкімі «Құрмет» орденімен наградталды

189

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен салтанатты жиында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановты «Құрмет» орденімен марапаттады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық жемісті еңбегінің лайықты бағасы болды.

Бақыт Насырханұлының мемлекеттік қызметтегі жолы – тәжірибе мен табандылықтың айқын үлгісі. Ол әр жылдары ауыл және қала әкімі қызметтерін атқарып, жергілікті басқару саласында мол тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, аудан әкімінің құрылыс саласына жетекшілік ететін орынбасары ретінде қызмет етіп, инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.

2018 жылдан бастап жаңадан құрылған Мақтаарал ауданына басшылық еткен Бақыт Асанов өңірдің дамуында жаңа кезеңнің басталуына ықпал етті. Әсіресе, аудан орталығы – Мырзакент кентін жаңғырту бағытындағы бастамалары қысқа мерзім ішінде нақты нәтижесін берді. Бұрын инфрақұрылымы әлсіз, дамудан кенже қалған елді мекен бүгінде заманауи келбетке ие, көркейген орталыққа айналды.

2020 жылы орын алған су тасқыны кезінде Бақыт Асанов өзінің дағдарыс жағдайындағы тиімді басқару қабілетін көрсетті. Табиғи апат салдарынан зардап шеккен ауылдарды қалпына келтіру жұмыстары жедел ұйымдастырылып, тұрғындардың қалыпты өміріне оралуына барлық жағдай жасалды.

Қазіргі таңда Мырзакент кентінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылған. Ескірген нысандар жаңартылып, көшелердің басым бөлігі асфальтталды. Жасыл желек отырғызылып, заманауи жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар іске қосылып, қоғамдық демалыс орындары көбейді. Нәтижесінде, кент өңірдегі көрікті елді мекендердің біріне айналып отыр.

Жалпы Бақыт Насырханұлының жүйелі жұмыстарының арқасында Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылды. Ішкі жолдардың шамамен 80 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. Ауыз су мәселесі толық шешімін табу алдында тұр. Білім беру саласында да табысты жұмыстар атқарылып, Бақыт Асанов басқарған жылдары – 30-дан астам мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ауданда апатты жағдайдағы мектептер мүлде жоқ.

Сонымен қатар, ауданға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бақыт Асановтың бастамаларының барлығы өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырды.

Айта кетейік, бұған дейін де аудан басшысының еңбегі жоғары бағаланып, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Ал, бүгін берілген «Құрмет» ордені – Мақтаарал ауданының өркендеуіне қосқан нақты үлесі үшін көрсетілген үлкен сенім мен құрметтің белгісі.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.