Пятница, 6 июня, 2025
28 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтаарал ауданында жазғы сауықтыру лагері пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданында жазғы сауықтыру лагері пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында маңызды нысан — «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» жанындағы жазғы сауықтыру лагері күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылып пайдалануға берілді. Бұл нысан балалардың денсаулығын нығайтып, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді.

Ғимараттың шатыры, едені, терезелері мен есіктері толықтай ауыстырылып, қазіргі заман талабына сай жаңғыртылды. Асханасы толықтай сырланып, санитарлық-гигиеналық талапқа сәйкестендірілді. Балалардың жайлылығы үшін жаңа жуыну бөлмелері орнатылды. Сонымен қатар, акт залы мен нысан алдындағы алаңға бетонды төсем жұмыстары жүргізіліп, лагердің жалпы көрінісі мен пайдалану ыңғайлылығы едәуір жақсарды.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, лагердің дайындығын толық тексерді. Ол мекеменің жаңа кейіпке енуін оң бағалап, балалардың қауіпсіздігі мен демалыс сапасына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Бұл лагерь — тек демалыс орны ғана емес, жас жеткіншектердің тәрбие, білім мен шығармашылық қабілетін ұштайтын орталыққа айналады. Мемлекет басшысының балалардың амандығы мен бақытты болашағына бағытталған саясаты аясында осындай жобалар жүзеге асып жатқаны қуантады», — деді, Серік Тұрсынқұлов.

2025 жылдың жазғы маусымында бұл лагерь 8 ауысым бойынша 1500-ге жуық баланы қабылдап, әрқайсысына 10 күндік демалыс ұйымдастырады. Лагерьде балалар үшін мәдени-спорттық шаралар, шығармашылық үйірмелер, интеллектуалдық ойындар, экологиялық және тәрбие сағаттары өткізу жоспарланған.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ