2025 жылғы 22 қыркүйек күні Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ аумақтық мекемелердің жетекшілері қатысты.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібінде аудан үшін маңызды бірнеше мәселе қаралды. Алғашқы болып сөз алған аудандық “Ветеринариялық қызмет” КММ басшысы О.Нұрашев ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы баяндама жасады. Ол бірдейлендіру шараларының заңнамалық негіздері мен маңызын түсіндіріп, қазіргі уақытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен кездесіп отырған мәселелерге тоқталды.
Келесі болып ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ш.Әбенов сөз алып, мемлекеттік бюджеттің орындалуы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді игеру – аудан дамуының басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ, өңірдің экономикалық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Мәжіліс барысында ауданның қысқы маусымға дайындығы да назардан тыс қалмады. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғ.Полатов баяндама жасап, жылыту маусымына дайындықтың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Ол жылу жүйелерін жөндеу, көмір тасымалы және әлеуметтік нысандардың дайындығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Сондай-ақ, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев отбасының цифрлық картасы негізінде “D” және “E” санаттарына жататын отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл санаттағы отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда, соның ішінде жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған.
Жиын соңында аудан әкімі Бақыт Асанов әрбір баяндама бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты тұлғаларға белгіленген мерзімде көрсетілген мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, бюджет қаржысын тиімді пайдалану және қысқы маусымға толық дайын болу — аудан әкімдігінің басты міндеттері екенін ерекше атап өтті.








