Понедельник, 13 октября, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚҚР Сауда және интеграция вице-министрі Мақтааралға келді

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Мақтааралға келді

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы мен сол аумақта бой көтеріп жатқан арнайы экономикалық аймақтың құрылысын аралап көрді.

Жамбыл ауылдық округінде орналасқан бұл ауқымды жоба Мақтаарал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, шекара маңы аймақтарын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда 100 гектар аумақты қамтитын халықаралық кооперация орталығының 50 гектары арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленіп, мұнда өндірістік нысандардың құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Сапар барысында Айдар Әбілдабеков АЭА аумағында инфрақұрылым тарту, жер тегістеу және қоршау жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатқанына көз жеткізді. Жоспар бойынша алдағы жылдары бұл аумақта отандық және шетелдік инвестиция есебінен бірнеше ірі өндіріс орындары іске қосылмақ. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу және экологиялық жобалар бар. Жалпы жобалардың инвестициялық құны ондаған миллиард теңгені құрап, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Министрлік тарапынан АЭА аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Мәселен, «BNK Group Ltd» серіктестігіне тиесілі сегіз қойманың құрылыс алаңында бүгінде бетондау және металл құрастыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қоймалардың бір бөлігі толығымен жабылып, қалғандарында жабын жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, жол салу, инженерлік инфрақұрылым тарту, аумақты қоршау және көлік логистикасына арналған инфрақұрылымдық шешімдер кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Айдар Әбілдабеков сапар барысында жобалардың маңыздылығына тоқталып, Үкімет тарапынан өңірлік кооперация мен өндірістік кластерлерді дамытуға, шекара маңындағы экономиканы жандандыруға басымдық берілетінін атап өтті.

«Бұл жобалар Мақтаарал өңірінің ғана емес, жалпы Түркістан облысы мен еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына негіз болады. Министрлік тарапынан барлық қажетті қолдау шаралары көрсетіледі», – деді вице-министр.

Жоба толық іске қосылғанда, ХӨКО аумағында өндірістің бірнеше бағыты дамып, отандық өнім көлемі артып, сыртқы нарыққа бағытталған экспорт үлесі де ұлғаймақ. Сонымен қатар, бұл орталық Орта Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады деп күтілуде.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ