Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, вирустық табиғаты бар аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл аурудың қоздырғышын табиғатта кенелер тасымалдайды. Кенелер, әсіресе көктем мен жаз айларында белсенді болады. Осы кезеңде табиғат аясында демалушылар, орманшылар, мал бағумен немесе егін шаруашылығымен айналысатын адамдар кенелердің шағуына жиі ұшырайды. Аурудың ауыр түрлері адамның өміріне қауіп төндіріп, жүйке жүйесінде тұрақты зақым қалдыруы мүмкін. Сондықтан кене энцефалитінің алдын алу – қоғам денсаулығы үшін өте маңызды міндет.
Аурудың негізгі жұғу жолы – вирусты тасығыш кене шағуы. Сирек жағдайда вирус пастерленбеген сүт арқылы (әсіресе ешкі сүті) жұғуы мүмкін. Ауру бірнеше күндік инкубациялық кезеңнен кейін басталып, қызу көтерілуімен, әлсіздік, бас ауруымен, жүрек айну, бұлшықет ауыруымен көрініс береді. Кей жағдайларда орталық жүйке жүйесі зақымданып, адамның қозғалу қабілеті бұзылып, естен тану, сал болу секілді ауыр белгілер пайда болады.
Бұл дерттің нақты емі жоқ, сондықтан басты қорғаныс – алдын алу шаралары. Алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Кене энцефалитіне қарсы екпе жоғары қауіпті аймақтарда тұратын немесе жиі табиғат аясында болатын адамдарға ұсынылады. Вакцина бірнеше кезеңмен салынады және организмде ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады. Қазақстанның бірқатар орманды және таулы өңірлері кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақтар саналады, сондықтан бұл аймақ тұрғындары мен қонақтары үшін алдын ала егу өте маңызды.
Бұдан бөлек, жеке қорғану шаралары да назардан тыс қалмауы тиіс. Табиғатқа шыққанда ашық түсті, жеңі ұзын, балағы жабық киім кию, бас киім тағу қажет. Кене адамның терісіне еркін жетпеуі үшін шалбар балағын шұлықтың ішіне салып, киімді арнайы репелленттермен өңдеген жөн. Серуеннен кейін бүкіл денені, киімді, әсіресе шашты, мойынды және қолтық астын мұқият қарап шығу керек. Егер кене табылса, оны арнайы құралмен немесе жіппен мұқият алып, мүмкін болса, зертханаға тексеруге беру ұсынылады.
Халық арасында кенені маймен тұншықтыру немесе сірке суымен құлату секілді әдістер кең таралғанымен, бұл тәсілдер тиімсіз және қауіпті болуы мүмкін. Кене адам терісіне жабысып тұрған кезде оның іші қысылса, жұқпалы бөлінділер адам қанына ертерек түсуі мүмкін. Сондықтан кенені дұрыс әрі қауіпсіз жолмен алып тастау маңызды.
Кене энцефалитінің алдын алу – әр азаматтың жеке жауапкершілігімен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі. Уақтылы вакцина алу, табиғатта өзін ұқыпты ұстау және кенелерге қарсы күрес шараларын жүргізу арқылы бұл қауіпті дерттен сақтануға болады. Аурудың салдарын емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді және қауіпсіз.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов