2023 жылы «Amanat» партиясы және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы басталған болатын. Жобаның мақсаты – қазақстандықтардың қаржылық мәдениетін көтеру және кредиттік тәртібін арттыру.
Мақтаарал ауданында өткен бүгінгі оқу семинарын аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков ашып беріп, әрі қарай «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының қаржылық сарапшысы Айгерим Амиралиева қаржылық сауаттылық туралы қатысушыларға кеңінен түсіндірді.
Мақтаарал ауданындағы семинар 5 күнге созылады. Тренинг нәтижесінде мақтааралдықтар отбасы бюджетін қалыптастыру жолдарын, оның ішінде жоспарлау мен бөлудің негізгі алгоритмдерін, несие алу ережелері мен қайтару процесін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобаларды қаржыландыру көздерін үйренеді.
«Бұл жерде халықты мазалайтын басты сұрақ – банкке берешегінің көбейіп кеткені, осы қарыздардан қалай құтыламыз, алдағы уақытта қарызға батпау үшін не істеу керек және тағы басқа мәселелерді шешу жолдарын түсіндірудеміз. Оқу барысында түске дейін тек қана теория оқытылса, түстен кейін – әр қатысушымен жеке консультация жасалып, бәрінің мәселелері қаралады» – деді, А.Амиралиева.
Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 миллион халықтың мойнында 18 триллион теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржыұйымдарынан 197 миллиард теңге онлайн қарыз рәсімдеген.
2023 жылы басталған «Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасы өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді.