Вторник, 4 ноября, 2025
3.7 C
Мырзакент
ҮйСЭСҚант диабетінің алдын алу

Қант диабетінің алдын алу

Қант диабеті – қандағы қанттың созылмалы жоғарылауымен (гипергликемия) сипатталатын ауру, ол инсулиннің жеткіліксіз өндірілуі (секрециясы) немесе дене жасушаларының инсулинге сезімталдығының төмендеуі нәтижесінде дамиды. Қант диабетімен ауыратын адамдар саны жылдан жылға артып жатыр.

Қант диабетінің даму қаупінің факторлары:

– Отбасында қант диабетімен ауыратын адамның болуы;

– Жасы 45-тен асқан адамдар;

– Төмен физикалық белсенділік;

– Артық салмақ және семіздік;

– Артериялық гипертония (жоғары қан қысымы).

Қант диабетінің түрлері

Диабеттің бірінші және екінші типі жиі кездеседі. Қант диабетінің бірінші типі (инсулинге тәуелді) инсулин бөлетін ұйқы безі қызметінің проблемаларымен байланысты. Бұл аутоиммунды ауру: ұйқы безінің біраз жасушасы бұзылады, соның салдарынан қандағы инсулин мөлшері азаяды, көмірсулар сіңуі нашарлайды, глюкоза қанға жинала бастайды, ал бұлшықеттер оны дұрыс алмайды.

Қант диабетінің екінші типі (инсулинге тәуелсіз) ұзақ уақытқа дейін еш белгісіз өтеді. Бұл кезде инсулин ағзада жеткілікті, бірақ ол қажет түрде жұмыс істемейді.

Бірінші типті қант диабетінің алдын алу жолдары

Бірінші типті қант диабетінің алдын алу мүмкін емес, алайда кей ұсыныстар аурудың даму қаупін тоқтата алады. Әсіресе, қауіп тобында тұрған адамдар оның алдын алу жолдарын сақтау керек. Симптомдарға шамадан тыс зәр шығару (полиурия), шөлдеу (полидипсия), үнемі аштық сезімі, салмақ жоғалту, көру қабілетінің бұзылуы және шаршау жатады. Бұл белгілер кенеттен пайда болуы мүмкін. Бірінші типті қант диабетінің алдын алу үшін мына ұсыныстарды орындаңыз:

Дұрыс тамақтану. Тамаққа қосылатын жасанды қосымшалар мөлшерін бақылаңыз, консервіленген, майлы өнімдерді және көмірсуларды азайтыңыз. Рацион әртүрлі және үйлесімді болуы керек. Сондай-ақ жемістер мен көкөністерді көбірек жеңіз.

Алкогольден және темекіден бас тарту.

Екінші типті қант диабетінің алдын алу жолдары

2-типті қант диабетінің қауіп тобына 45 жастан асқан және қант диабетімен ауыратын туысы бар адамдар жатады. Бұл жағдайда міндетті түрде жарты жылда бір рет глюкоза деңгейін тексеріп тұру керек. Глюкоза деңгейін уақытылы тексеру ауруды ерте стадиясында анықтауға және ем бастап кетуге мүмкіндік береді.

Қант диабеті асқынып кетсе, мынадай салдарларға әкелуі мүмкін: көрудің нашарлауы, жүрек-қан тамырлар жүйесінің зақымдалуы, бүйрек жұмысының нашарлауы.

Қант диабетінің даму себебінің бірі – семіздік болғандықтан, оның алдын алу үшін тамақтануды реттеуден бастаған жөн. Алайда өзіңізді қатаң диеталармен қинауға, аштық жариялауға болмайды.

Аурудың алдын алу үшін мына ұсыныстарды орындауға кеңес береміз:

1. Дұрыс тамақтану. Ұйқы безін (инсулин бөлетін) шамадан тыс жүктемеу үшін көмірсуларды тұтынуды азайтыңыз. Сонымен қатар жақсы пішінді сақтау үшін күнделікті тұтынылатын калория мөлшерін азайтыңыз. Қант диабетінің алдын алу үшін мәзірден қант пен құрамында қант бар кез-келген өнімдерді (печенье, табиғи емес шырын) алып тастау керек.

2. Төмен калориялы құсқа, балыққа, көкөністерге, қантсыз шырындарға артықшылық беру керек. Макарон және ұн өнімдерін, қышқыл, ащы және ысталған тағамдарды тұтынуды шектеу керек. Қуырылған тағамды қайнатылған, пісірілген немесе бұқтырылған тағаммен ауыстыру керек.

3. Күнделікті физикалық белсенділік. Егер сіз күн сайын дене шынықтыру сабақтарына кем дегенде жарты сағат бөлсеңіз, қант диабетінің алдын алу тиімді болады. Дене белсенділігі метаболикалық процестерге пайдалы әсер етеді, соның арқасында майлардың ыдырауы күшейеді, қанның май құрамы жақсарады, дене салмағы айтарлықтай төмендейді. Қант диабетінің алдын алу үшін жаяу жүру, велосипед тебу, билеу, жүзу, футбол және басқа да спорт түрлерімен айналысу керек.

4. Психикалық тепе-теңдікті сақтаңыз. Тұрақты стресс аурудың даму себептерінің бірі болғандықтан, қант диабетінің алдын алу эмоционалдық жағдайды бақылауды қамтиды. Жағымсыз мінезді адамдармен мүмкіндігінше аз қарым-қатынас жасаған жөн, күйзелістен аулақ болған жөн.

5. Үнемі медицина зерттеп-қарауынан өтіңіз. Қауіп тобындағы адамдар қант диабетінің алдын-алу үшін міндетті түрде алты айда бір рет тест тапсырады.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ