Skip to content
Басты бет / MAKTAARAL TV / Қ.Тоқаев «Дарбаза-Мақтаарал» теміржолын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

Қ.Тоқаев «Дарбаза-Мақтаарал» теміржолын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

76



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл жоба Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосатын стратегиялық маңызы бар бастама ретінде бағаланып отыр. Оның ішінде Қазақстанның Өзбекстанға өтетін оңтүстік қақпасы саналатын Мақтаарал ауданының дамуына тың серпін береді.

Жаңа теміржол бағыты ең алдымен «Сарыағаш» өткізу пунктіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары бұл учаскеде жүк көлемі айтарлықтай өсіп, инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне байланысты қиындықтар туындаған болатын. Мамандардың айтуынша, соңғы екі-үш жылда жүк тасымалы күрт артқанымен, қолданыстағы теміржол желілері мұндай көлемге бейімделмеген. Соның салдарынан кейбір жүк пойыздары уақытында жөнелтілмей, логистикалық кідірістер жиілеген.

Ұзындығы 172 шақырымды құрайтын «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі Түркістан облысындағы Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын өзара байланыстырады. Жоба іске асқан жағдайда, Мақтаарал ауданы алғаш рет негізгі теміржол бағыттарына тікелей қосылып, өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Теміржол құрылысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды кезеңге өткен. Жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 миллион текше метрді құраса, рельс-шпал торын жинақтау бойынша 109 шақырым теміржол желісі төселген.

Сонымен қатар, жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары да қатар атқарылуда. Құрылыс алаңында 567 адам еңбек етіп, 394 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Бұл – жобаның жоспарлы түрде және белгіленген мерзімде аяқталуына бағытталған жүйелі жұмыстың айғағы.

Жаңа бағыттың халықаралық маңызы да зор. Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстан бағытынан келетін жүктер осы теміржол арқылы әлдеқайда жылдам әрі тиімді тасымалданады. Нәтижесінде Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі кептеліс азайып, транзиттік тасымал үдерісі оңтайландырылады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға дейінгі теміржол бағытын дамыту мәселесі халықаралық деңгейде талқыланып жатқаны белгілі. Осы тұрғыда «Дарбаза – Мақтаарал» желісінің іске қосылуы Қазақстанның аталған стратегиялық бағытты дамытуға қосқан елеулі үлесі болмақ. Бұл елдің өңірлік транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын жаңа деңгейге шығарады.

Аталған теміржол желісінің іске қосылуы Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша ықпал етпек. Аудан үшін бұл – көлік қолжетімділігінің түбегейлі жақсаруы ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға тиімді жеткізудің жаңа мүмкіндігі.

Мақтаарал – аграрлық әлеуеті жоғары өңір, сондықтан теміржол арқылы мақта, көкөніс және өзге де өнімдерді тасымалдау шығындары азайып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артады. Сонымен қатар, логистика, қызмет көрсету және өндіріс салаларында жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде аудан халқының табысын арттырып, инфрақұрылым мен инвестициялық тартымдылықтың өсуіне серпін береді.



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл жоба Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосатын стратегиялық маңызы бар бастама ретінде бағаланып отыр. Оның ішінде Қазақстанның Өзбекстанға өтетін оңтүстік қақпасы саналатын Мақтаарал ауданының дамуына… Read More »Қ.Тоқаев «Дарбаза-Мақтаарал» теміржолын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.