Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы тұрғындарды кеңінен хабардар ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы, жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тұрғындармен жоспарлы кездесулері жалғасуда.
Аудан басшысы бастаған аудан активі Мақтаарал ауданы аумағындағы Иіржар ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі Бақыт Асанов 2025 жылы Мақтаарал ауданында атқарылған ауқымды жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен міндеттер туралы кеңінен баяндама жасады. Сонымен қатар, Иіржар ауылдық округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы маңызды жобаларға ерекше назар аударды.
Бүгінде округтегі 9 елді мекеннің барлығы табиғи газға қосылған. Өткен жылы Диқан ауылындағы Көрікті, Нұрдала көшелері және Азамат ауылындағы Ынтымақ, Ордабасы көшелеріне тас төселді. Сондай-ақ, Наурыз ауылындағы Көрікті, Достық, Жаңа тұрмыс көшелеріне және Азамат ауылындағы Ынтымақ көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында аудан басшысы тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, округтегі өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы нақты түсіндірмелер берді.
Кездесу соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар аудан әкіміне өз сұрақтарын тікелей қою мүмкіндігіне ие болды. Иіржарлықтар ФАП салу, аяқ жол мен түнгі жарықтандыру, мәдениет үйлерін салу мәселелерін көтерді.
Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, Бақыт Асанов тарапынан нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, жеке мәселелерін айтқысы келген азаматтар үшін жеке қабылдау ұйымдастырылды.











