Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / «Халық келіп, кеткенді емес, қиылып қызмет еткенді сыйлайды»

«Халық келіп, кеткенді емес, қиылып қызмет еткенді сыйлайды»

17

Мұрат Тлеубердиев,

Түркістан облысының прокуроры

– Мұрат Әжінұрұлы, еліміздің тыныштығын қорғап, құқықбұзушылыққа тосқауыл қоюда прокуратура органына жүктелер жауаптылық жоғары. Ал бұл жұмыстың нәтижелі болуы қадағалау шараларын қарымды ұйымдастыруға ғана емес, халықпен етене жұмыс істеп, тұрғындармен тығыз байланыс орната алуға да байланысты секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, кез келген мемлекеттік қызметтің басты тұтынушысы да, сыншысы да – халық. Прокуратура органы да қандай бастаманы қолға алып, қандай іс-шараларды жүзеге асырмасын, халықпен кеңесіп, азаматтардың пікір-талабын ескере отырып жұмысын жүйелейді. Түркістан облысы прокуратурасының үнемі маңызды мәселелерді көпшілік талқысына салып, тұрғындар пікіріне құлақ түре отырып шешім қабылдайтынын, жұмысын үйлестіретінін жұртшылық жақсы біледі. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті» деген тағылымды сөзі бар. Сол айтпақшы, әрқайсымыз халықтың ертеңі, келешегі, мүддесін ойлап, алдымызға биік мақсат қойғанда ғана ел дамиды. Түркістан прокуратурасында халықпен ашық диалог орнатып, тұрғындарды қабылдауға, азаматтардың пікір-ұсынысын көзбе-көз отырып тыңдауға мән беретініміз де сондықтан. Халықпен кездеспей, пікірін тыңдамай көпшіліктің көңілінен шығатын іс жасау мүмкін емес.

– Азаматтар әлеуметтік мәселелерге байланысты жиі шағымданып, көмек сұрап жатады. Соның ішінде денсаулық сақтау саласының қызметіне көңілі толмайтындар баршылық.

– Халықтың денсаулық сақтау саласына қатысты жиі шағымданатыны рас. Бұл негізсіз де емес. «Басы аманның – малы түгел» демекші, егер медициналық қызметке көңілі толса, азаматтар арыз жазып, көмек күтіп әбігерге түспес еді. Мысалы облыс прокуратурасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының қызметіне тексеру жүргізді. Тексеру барысында медициналық қызметтерге ақы төлеуде 2,2 млрд теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталды. Бұл үлкен қаражат. Мұндай сома мақсатты түрде жұмсалса медицина саласындағы біраз түйткіл шешіліп, біраз адамның сапалы көмек алуына мүмкіндік туар еді. Осыған орай прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, заңсыз төленген қаражатты қайтару шаралары қабылдануда.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына тұрақты көңіл бөліп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін қаржылық қолдауды аяған емес. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей» деген Президент дәрігерлердің де әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешіп келеді. Ал осындай қамқорлықты көре тұра, мемлекеттен бөлінген қаржыны талан-таражға салатын, жеке басына жұмсайтындар халықтың медициналық қызметке қатысты теріс пікірін көбейтіп, жалпы саланың беделін түсіруде. Мысалы, біздің өңірде 1 627 медициналық қызмет көрсетілді деп жалған дерек енгізген «A» ЖШС стоматологиясы 12 млн теңгені заңсыз иеленген. Алаяқтық жасаған ақ халаттылар үстінен ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сондай-ақ өңірдегі екі клиникаға қатысты стоматологиялары бойынша да 203 млн теңге сомасында қосып жазу фактілері анықталған.

Бұдан бөлек, лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткен «Ө» ЖШС 91 млн теңгені иеленген. Заңсыз кәсіпкерлік үшін олар енді ҚК-нің 214-бабы бойынша жауапқа тартылатын болады. Міне, сенімге сызат түсіретін де, мемлекеттік қызметке қатысты күмәнді қалыптастыратын да осындай адамдар. Ал бабаларымыз айтқандай «Халықтың сенімі алтыннан да қымбат». Осыны кейбір азаматтардың түсінбейтіні өкінішті.

– Әлеуметтік желілерде «мекемеге жарылғыш зат қойылды» деп хабарлама тарату тыйылмай келеді. Әсіресе, балабақша, мектептердегі қауіпсіздік көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Білім ордаларында қауіпсіздік шаралары қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Бала – біздің болашағымыз, көз қуанышымыз. Олардың қауіпсіз ортада, алаңсыз күн кешуіне, арман-мақсатына жетуіне бәріміз мүдделіміз. Сондықтан, білім ордаларындағы қауіпсіздікке жіті көңіл бөлінеді. Мектеп инспекторларының жұмысы, кәмелетке толмағандармен қоян-қолтық жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің қызметі ұдайы бақылауда. Облыстық прокуратура бала тәрбиесіне, балалардың ертеңіне қатысты мәселелерден шет қалмай, үнемі маңызды мәселелерді көпшілік талқысына шығарып, көп болып шешуге бастама көтеріп келеді. Толық емес отбасылар бетпе-бет келетін түйткілдер, қиын балалар, кәмелетке толмағандардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, балаларға жасалатын буллингке тосқауыл қою, балалар суицидінің алдын алуға қатысты ұйымдастырылған жиындардың оң нәтиже берері анық. Жалпы бақылаусыз бала қылмысқа бейім болады. Осыны білген бабаларымыз «Қамысты бос ұстасаң қол кеседі, баланы бос ұстасаң бетімен кетеді» дегенді әділ айтқан.

«Заң мен тәртіп» идеологиясында да балалар мен жастардың тәрбиесіне айрықша басымдық берілген. Былтырғы жылы облыс прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында мектеп оқушыларына арналған құқықтық-ағартушылық форум ұйымдастырды. Облыстағы мыңнан астам оқушының басын қосқан бұл жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов, айтыскер ақын Ахметрасул Баянбай, белгілі спортшы Сәкен Бибосыновтар арнайы шақырылды. Форумның негізгі мақсаты жастардың құқықтық сауатын арттыру және қазіргі заман талаптарына сай заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру болғанымен, осы шара барысында елге белгілі тұлғаларды шақырып, пікірлестіру арқылы жастарға жақсы өнеге көрсетуді көздедік. Жақсыға қарап өскен, еліктеп өскен бала жаман болмаса керек.

Сонымен қатар, өзіңіз атап өткендей мектептегі күзеттің ұйымдастырылуы, білім ордасындағы балалардың әрекеті де өткір тұрған мәселе. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің «Күзет қызметін жүзеге асыруға арналған біліктілік талаптары мен оларды растау құжаттарының тізбесін бекіту туралы» қаулысы бар. Осы қаулыға сәйкес террористік тұрғыдан осал нысандарға қызмет көрсететін күзет ұйымдары міндетті түрде тиісті материалдық-техникалық базамен, күзет құралдарымен, арнайы дайындықтан өткен және тексерілген қызметкерлермен, техникалық жарақтандырылған орталықтандырылған бақылау пунктімен, сондай-ақ қызметтік қарумен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал тәжірибеде қалай? Біз кейбір мектеп, балабақшаларда күзет қызметімен келісімшарт болғанына қарамастан, жоғарыдағы талаптарға мүлде сәйкес келмейтін жандардың күзетте тұрғанын байқаймыз. Осындай жағдайларда оқушылар мен ұстаздарға қауіп төнуі мүмкін екенін ескере отырып, облыс прокуратурасы білім беру саласында күзет қызметтерін сатып алуды реттейтін нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Бас прокуратура мұның құқықтық коллизияның бар екенін растады, осыған байланысты уәкілетті органдарға тиісті нормаларды түзету жөнінде ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдары үшін күзет қызметтерін сатып алуға арналған үлгілік конкурс құжаттамасын бекітіп, онда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біліктілік талаптары нақты көрсетілді. Мұндай талаптар мектеп қауіпсіздігіне қатысты жасалатын іс-шараларды түбегейлі өзгертеріне сенім мол.

– Ауыл халқының күнкөрісі жермен тығыз байланысты. Соңғы жылдары жайылымдық жерлердің аздығынан егін егуге, мал бағуға жер таппай отырғанын айтып шағымданатындар қатары қалың. Түркістан облысында бұл мәселе қалай шешілуде?

– Жер – қазақтың жанды жері. Тарихтың қай кезеңін алып қарасаңыз да ел ішіндегі даулардың көбі осы жерге байланысты туындағанын байқау қиын емес. Ал ауыл тірлігін жандандыру үшін жерлерді мақсатты түрде пайдалануға мән беру керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарында. Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарудың маңызы зор екенін әкімдерге шегелеп тапсырды. Бұл мәселені облыстық прокуратура да тұрақты бақылауында ұстап отыр. 2025 жылғы тексеру барысында жер қатынастары саласында жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен заңсыз шығару бойынша жүйелі заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Сауран ауданында жалған құжат негізінде 2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді рәсімдеу схемасы анықталды. Соның нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 314 млн теңгені құраған. Заңбұзушылардың үстінен ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс басталды. Бұдан бөлек мемлекеттік меншіктен 1,4 гектар жер учаскесін заңсыз шығару фактісі тергелуде. Оған ауылдық округ әкімі қабылдаған жалған шешім негіз болған. Кейін бұл учаскенің әрқайсысы 0,1 гектардан 14 бөлікке бөлініп, жеке тұлғаларға берілгені анықталды.

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде аукцион өткізілместен шетелдік компанияға берілген 604,7 га жер (1,5 млрд теңге) де бар. Сондай-ақ Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында жерді тиімсіз пайдалану және заңсыз шығару фактілері анықталды. Түркістанда 26 учаске 83 млн теңгеге негізсіз сатып алынса, мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алынған 30 учаскеге нарықтық бағадан артық сома төленген. Бұл да прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде әшкереленді.

– Ауылды көркейту, ауыл шаруашылығын өркендету мақсатын көздеген игі бастамалардың дұрыс жүргізілмей, түрлі кемшіліктердің орын алуы, әрине, өкінішті. Ал ауылда кәсібін жүргіземін дегендер мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана алып отыр ма?

– Ауыл түлесе – қазақ түлейді, ел көркейеді. Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғым. Ауылдың түтіні түзу шығып, туған жерді түрлендіруге ынталыларды көбейту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, ортақ қазынадан қомақты қаржының бөлініп жатқаны рас. Бұл көмекті пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып жүргендерді көргенде көңілің марқаяды. Алайда, бұл ортада да жымқыру деректері кездесіп қалады. Айталық былтыр Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметіне тексеру жүргізілді. Сонда анықталғандай кейбір шаруа қожалықтары бұрынғы жүйедегі мәліметтерді пайдалану арқылы 271 млн теңгеден астам субсидияны заңсыз иемденіп, мемлекет мүддесіне аса ірі залал келтірген. Тек бір ғана шаруашылық (ШҚ «Б») бұрын өткізілген 440 ірі қара және 5 088 ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз пайдаланған. Осы факті бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, 5 тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Мемлекет қаржысын талан-таражға салған осы азаматтардың бәрінің қылмысы дәлелденіп, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Соның нәтижесінде мемлекет бюджетіне 140 млн теңгенің активтері қайтарылды.

Осыған ұқсас схема Сауран ауданында да орын алған. Бұл жерде де бұрынғы мәліметтерді ұсынып, құзырлы органдарды шатастырған сотталушылар 300 млн теңгеден асатын субсидияны жымқырмақ болған. Олардың да заңды жазасын алатын уақыты жақын. Яғни, елге бөлінген қаржы ел игілігіне жарауы керек. Халықтың қаржысын талан-таражға салуға жол берілмейді.

– Шағын және орта бизнес – ел экономикасын жандандырудың күретамыры. Отандық кәсіпкерлердің мүддесі, аймаққа қаржы салған инвесторлардың құқығы толық қорғалған ба?

– Инвестиция тартуда, отандық кәсіпкерлікті өркендетуде Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Былтыр жалпы құны 3,5 трлн теңге болатын 177 инвестициялық жоба іске асырылса, биыл 400 млрд теңгені құрайтын 64 жоба іске қосылды. Бұл ел дамуына қосылған ерен күш, мықты басымдық. Облыс прокуратурасы жыл басынан бері əкімдік, «Атамекен» палатасы және «Kazakh Invest» өкілдерімен бірлесіп «Инвест-Караван – 2025» акциясын өткізіп, соның аясында 60 көшпелі іс-шара ұйымдастырылды. Аймақтағы 170 инвестормен кездесу жүргізілді. Инвесторлардың құқығын қорғаудағы түйткілдерді орынды шешіп, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында уәкілетті органдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен арнайы форум өткізілді. Осында айтылған мәселе, ұсынылған пікір, тілектердің нәтижесінде 30 инвестордың құқығы қорғалып, 32 инвесткейс шешілді. Ашық диалогтың арқасында инвесторлар инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін фактілерді ашық айтып, нақты шаралардың қабылдануына түрткі болды. Мәселен, «BEREKE PLASTIC» ЖШС инвесторы АЭА (СЭЗ) аумағынан жер учаскесін алу кезінде қиындықтарға тап болған. Бұл мәселе келіссөздердің арқасында оңтайлы шешіліп, жергілікті атқарушы органдар жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін 5 га жер учаскесін табыстады. «Мамырбекова» ЖК да жердің нысаналы мақсатқа сәйкес келмеуіне байланысты объектіні пайдалануға беру актісін ұзақ уақыт ала алмаған. Іске прокуратура араласқаннан кейін нысан тіркеліп, инвесторға пайдалану актісі табысталды.

Прокуратура заңсыздықтарды тексеріп, анықтаумен ғана айналыспайды. Сонымен бірге кемшіліктердің алдын алу, жұмысты тиімді үйлестірге де атсалысады. Айталық инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мақсатында қолға алынған «Инвест-Караван» акциясын прокуратура биыл да жалғастырып отыр. Инвесторлармен жедел әрі тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету, уақытылы ақпарат алмасу мақсатында WhatsApp мессенджерінде «Turkistan Invest ОП» атты чат құрылғанын да айта кеткен жөн. Бұл инвесторлардың мәселесін жедел анықтап, жедел шешуге мүмкіндік береді.

– Кибералаяқтық, ауыр қылмыстар қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарға да жетті. Онымен күрес қалай жүргізілуде?

– Қылмыстан ешбір ел, ешқандай аймақ сақтандырылмаған. Бүгінгідей ақпараттық заманда елдің санасын улау, алыста отырып ауыл ішін ала тайдай бүлдіру оңай болып кетті. Қаншама ескерту жасап, қылмыстың алдын алу үшін түрлі форум, дөңгелек үстел, қоғамдық қабылдаулар мен ашық диалогтар өткізгенімізбен, ақкөңіл ауыл халқы жанындағы құқық қорғаушылардан гөрі, алаяқтардың сөзіне көбірек сенеді. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Қылмысқа тосқауыл қоюға көмектесетін ақпараттық, насихат шараларының бәрі назардан тыс қалмауы керек. Соның арқасында аймақтағы қылмыстылық деңгейі 7,9%-ға (5262-ден 4848-ге) төмендеді.

Кибералаяқтыққа жол бермеу үшін кең ауқымды түсіндіру шаралары жүргізіліп, азаптау фактілерінің алдын алу мақсатында қылмыстық қудалау органдарының ғимараттары (полиция ғимараттарының қызметтік бөлмелері) 100% (3698) бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілді, нәтижесінде бұндай қылмыстар 9 есеге аз тіркелді.

Бас прокуратураның тапсырмасына сай есірткіге қарсы шаралар да күшейтілді. 4 мыңнан аса дроппердің банк шоты (47,7 млн тг) мен криптовалюталық әмияндары (358) бұғатталды. Облыс прокуратурасы ғимаратында алаяқтардың жалған қоңырауларын бұғаттау үшін «Колл-орталық» құрылды.

Біздің бастамамызбен 2 фитозертхана жойылып, «трамадол» заттарын дәріханадан заңсыз өткізген қылмыстық топ әшкереленді. Бұдан бөлек, 4300-ден аса құқыққа қайшы сайттар бұғатталып, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы барлық қылмыстық істер ерекше бақылауға алынды.

Прокуратураның тағы бір озық нәтижесі – түсіндіру шаралары мен кері байланыстың арқасында 73 ауылдың тұрғындары алкогольден саналы түрде бас тартты. Ал арақ – талай қылмыстың бастауы. Азаматтардың түзу жолдан ауытқауының да басты себебі – арақ. Прокуратура сондай-ақ «Бұзушылыққа тоқтам», «Алаяқтан сақ бол» жобаларын іске асыруда.

– Сот актілері орындалуымен құнды. Осы үкімдердің орындалуын ұдайы бақылып, заңсыздықтың жолын кесу прокуратураның бір міндеті. Бұл істегі нәтижелер көңілден шыға ма?

– Рас, үкімдердің орындалуын қадағалау біздің жұмысымыздың бір бағыты. Ол қылмыстың алдын алуды, қылмыстылықтың қайталануына тосқауыл қоюды көздейді. Облыс прокуратурасы барлық қала, аудандардың пробация есебінде тұрғандармен кездесіп, олардың тұрмыстық жағдайын зерттеуді жолға қойып отыр. Соңғы уақытта жазасын өтеушілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да едәуір жұмыстар атқарылды.

Түркістан облысының прокуратурасы «FSM Social» бағдарламасын республика көлемінде бірінші болып қолданысқа енгізгенін айта кеткен жөн. Бұл тәжірибе өзін ақтаған соң, бүгінде басқа облыстар да қолдануда. Бағдарламаны қолға алғаннан бері жазасын өтеушілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Отбасын қолдау» орталықтары арқылы 1264 сигнал берілді.

Бұдан бөлек, «Мобильді прокурор» қосымшасының көмегімен «Қадағалау» профилактикалық іс-шарасы нәтижелерін енгізу, қылмыстық-атқару қызметімен байланысты бүкіл процесті автоматтандыру жүзеге асырылуда. Прокурорлық қадағалаудың арқасында есепте тұрған жаза өтеушілерге біржолғы өтемақы жүйелі түрде төленуде. Заңда қарастырылғанмен, бұл төлем бұрын ескерілмеген еді. Бүгінде 659 жаза өтеушіге 25,5 млн теңге берілді.

Пробация есебіндегі тұлғалардың балаларына жазғы маусымдық лагерьге 57 жолдама беріліп, 46 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жазасын өтеп жүрген 36 азаматқа 56 млн теңгеден астам қайтарымсыз грант берілді. Осы көмекті пайдаланған 6 жазасын өтеуші мал шаруашылығымен айналысу үшін жеңілдетілген несиеге ие болды. Міне, сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырларды түзу жолға салудың бұл бір көрінісі ғана.

Алгоритмге сәйкес облыс аумағында жоғары тәуекел тобына жататын жаза өтеушілер тізімі жаңадан жасақталып, белгіленген тәртіпті бұзғандарға шара қолданылуда. Бұл да қылмыстың алдын алудың мықты тетігі. Сондай-ақ прокуратура «психикаға белсенді әсер етуші заттарды пайдаланушыларды анықтауға, есепке алуға және оларға әлеуметтік, медициналық көмек көрсетуге бағытталған мекемеаралық Меморандумды» бекітіп, нәтижесінде 36 жаза өтеушінің психотропты заттарды пайдаланатыны анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қылмысты азайтып, қауіпсіз орта қалыптастырудағы негізгі бағыт – халықты жұмыспен қамтумен өзектес. Себебі, жұмыссыздық жаман әдетке үйір етеді, жұмыссыздық қылмысқа итермелейді, жұмыссыздық отбасының берекесін алады. Сондықтан прокуратура сотталушылардың, бостандыққа шыққандардың жұмыспен қамтылуына ғана емес, жалпы аймақ тұрғындарының жұмыссыз қалмауы үшін түрлі шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып жүр. Аймақтағы ірі кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, пробация есебінде тұратын 45 тұлғаның жұмыспен қамтылуы – осы жауапты істің бір парасы ғана. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

«Халық келіп, кеткенді емес, қиылып қызмет еткенді сыйлайды» дейді дана бабаларымыз. Ендеше, халықтың қажетіне жарап, ризашылығына бөленсек, еңбегіміздің ақталғаны.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.