Эхинококкоз – зооноздық биогельминтоз, паразитарлық індет өлімге әкелуі мүмкін, ауыр асқынулармен өтеді. Ауру қоздырғышы — ұсақ жалпақ таспалы құрт, мөлшері 2-7мм. Инвазия көзі – ит, қасқыр, шақал, түлкі, мысықтар. Аралық иесі адам, ірі және ұсақ мүйізді мал, шошқа және басқа да шөпқоректі жануарлар. Иттер личинкалармен зақымданған мал мүшелерін жеген кезде жұғады. Эхинококктың онкосфералары (личинкалары) жұмыртқадан шығады, қолайсыз факторлардың әсеріне төзімді және топырақ, шөп, көкөніс, лас қолдар, су арқылы аралық қожайынның ағзасына түседі. Топырақ бетінде эхинококк жұмыртқалары 10-26°С температурада бір ай бойы өміршеңдігін сақтайды, ал шөпте 14-28°С температурада 1,5 айдан кейін өледі. Жұмыртқалар төмен температурада жақсы сақталады.
Адамға жұғу жұмыртқамен ластанған су, тағам, көкініс, жеміс-жидек, ластанған қол арқылы, тіпті аспирациялық механизммен де (жұмыртқа бар шаңды жұтқанда) іске асады.
Эхинококкоз ауруының себептері: мал шаруашылығы дамыған аудан-дарда қаңғыбас иттердің көп болуы; жеке бас гигиенасын сақтамай балалардың итпен ойнауы, тығыз қатынаста болуы, итті үйде ұстауы; ластанған жеміс-жидекті, көкіністі жеу. Ең жалпы симптомдар (белгілер) — эпигастрий аймағындағы ауырлық сезімі, бас ауыруына, лоқсу және құсу. Ең айқын симптомдар — оң жақ қабырға астының ауыруы, ауыршаңдық, қысым сезімі, кеуденің ауыруы, ентігу; құрғақ және ылғалды сырылдауы, денедегі есекжем, типті бөртпе. Инвазия нәтижесінде шамамен 70% — да бауыр эхинококкозы, 21% — да — өкпе эхинококкозы дамиды, қалған жағдайларда басқа мүшелер зақымданады.
Эхинококкоз ауру кезіндегі профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар:
1) жеке гигиена ережелерін сақтау, иттермен тығыз қарым-қатынаста болудан аулақ болу, көкөністерді, жемістерді және қолды иттермен қарым-қатынаста болған соң, сондай-ақ жермен жұмыс істегеннен кейін, жануарларды күткеннен кейін мұқият жуу қажет.
2) Иттерді ұстау ережелерін сақтау: итке бетті жалтыратуға, диванға, төсекке секіруге, ас үйге кіруге, итті тек оған бөлінген ыдыстардан азықтандыруға рұқсат бермеу. Аулалар мен иттерді ұстау орындары санитарлық тазаланады. Иттерді үй және жабайы жануарлардың ішкі ағзыларымен азықтандыруға қатаң тыйым салынады.
3) Үй жануарларына дегельминтизация жүргізу және қаңғыбас иттерді жою ветеринарлық қызмет жүргізуі тиіс. Эндемиялық аудандарда әрбір 45 күн сайын үй иттерін бірінші кезекте алдын ала дегельминтизациялауы қажет.
4) Эхинококкоз бойынша қолайсыз елді мекендердің тұрғындарына скринингтік тексеру жүргізу. Операция жасалғаннан кейін 5 жыл бойы диспансерлік бақылау.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Б.Елемесов