Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды демократияландыруды ілгерілету, жүргізіліп жатқан реформалар туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осыған орай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындарымен жоспарлы кездесулер өткізуде. Кезекті көшпелі кездесу Достық ауылдық округінде ұйымдастырылып, оған аудан активі мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен міндеттерді таныстырды. Сонымен қатар, Достық ауылдық округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, өткен жылы округте бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Ж.Қалшораев ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға беріліп, елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін берді. Бескетік елді мекенінде балалардың ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы салынды.
Бірқатар көшелерде жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Достық елді мекеніндегі Абдешов көшесі, Көксу ауылындағы Болашақ көшесі, Қалшораев ауылындағы Бейбітшілік және Бигелдинов көшелерін тас төселді. Ал Гүлістан елді мекенінде бірнеше көшеге асфальт жабындысы төселді. Хайдар елді мекеніндегі көшелерде де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кездесу соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей аудан әкіміне жеткізді. Көтерілген негізгі мәселелер қатарында медицина қызметінің сапасы, тік дренажды ұңғымалар мен қашыртқыларды тазалау, құқықтық тәртіп және әскерге шақыру тақырыптары болды.
Барлық сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ, жеке мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Мақтаарал ауданында халықпен ашық диалог орнату және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.










