Бейсенбі, Желтоқсан 12, 2024
-2.9 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметДепутат - халықтың қалаулысы

Депутат – халықтың қалаулысы

Құрметті облысымыздың және ауданымыздың мәслихат депутаттары!

Мәслихат аппаратының қызметкерлері!

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде, өздерін көрсете білді. Тәуелсіздігімізбен бірге толысып, ел мен биліктің арасында алтын көпір болып, елмен етене араласып, жұртпен жұмыла қызмет еткен мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерімен қатар сайлаушыларының аманатын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін қажырлы еңбек етіп келеді.

Егемендігімізді алғаннан кейін, Мемлекет басшысы атқарушы билікпен бірлесе жұмыла жүк көтеріп, еліміздің әл-ауқатын көтеруге тиісті биліктің тағы бір тармағы қажет деп санап, мәслихаттарды құру туралы шешім қабылдаған болатын.

Ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз кез-келген мемлекеттік, рулық, тіптен отбасылық келелі мәселелерді мәслихаттасып, яғни елдің билері мен байларын, белді де белсенді азаматтарын қатыстыра отырып, ақылдасып шешкен. Биліктің осы тармағының мәслихат атауын алуы да бекерден бекер емес еді.

Осыған орай 1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасының жоғарғы Кеңесімен жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттар жиналысын қалыптастырды. 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау өткізілді. Міне, биыл сол мәслихаттарға 30 жыл толып отыр.

Тарихи 30 жылдың ішінде мәслихат депутаттары елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы үшін маңызды 2500-ге жуық шешім қабылдаған. Атап айтқанда, аудан бюджетін бекіту және оның тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау, шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың аграрлық секторында аудан халқын өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, жекешелендіру жөніндегі ұлттық мәселе, жұмыспен қамту, алымдар мен салықтарды белгілеу, халық денсаулығын сақтау, зейнетақы мен балаларға төленетін жәрдемақылардың төленуі, бюджет кірістерін молайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мектептерде медициналық кабинеттер ашу, дарынды балалармен жұмыс, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, отандық және шетелдік инвесторлар арқылы инвестиция тарту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында түрлі әлеуметтік көмек көрсету Ережелерін бекітті.

Әлеуметтік мәселелерді шешу, маңызды инфрақұрылымдардың сметалық жобалау құжаттарына үнемделген бос қаржыны бағыттау, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жас мамандарды шақырту және оларды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру, бәсекеге қабілетті ауылшарушылық өнімдерін жетілдіру, шаруа қожалықтарының несие алуымен қатар лизингтік әдіспен техника алуға көмектесу, карантиндік объектілерден қорғау, таралу ошақтарын анықтау және жою, «Балапан» бағдарламасы, жергілікті жолдарды жөндеу, ауылдарды абаттандыру мәселелерін шешуде атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың ролін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн» – деп атап өткен болатын. Осыған орай бүгінде бұрынғы мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы болып өзгерді.

Бұрын облыс әкімі лауазымына Президент ұсынған бір ғана кандидатураға тек облыстық мәслихаттың депутаттары ғана келісім беретін. Бүгінде, Мемлекет басшысы өзі ұсынған, кем дегенде екі кандидатурасына осы өңірге қатысты, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қарау нәтижесін ескере отырып тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтың бәрі Парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

Аудандық мәслихат қызметінде тұрақты комиссиялардың жұмысы да ерекше маңызға ие. Депутаттардың жұмысындағы ең маңыздысы, олардың сайлау округтерінде орындаған тиімді жұмыстары болып табылады. Сондықтан, аудандық мәслихат депутаттары өздерінің депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында әрбір округтер мен «Amanat» партиясының аудандық филиалында белгіленген кестеге сай азаматтарды қабылдайды.

Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органдар мен комиссиялар құрамында маңызды мәселелерді шешуге атсалысуда. Олар өз қызметінде ең өзекті, әлеуметтік маңызды мәселелерге ерекше назар аударады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепті, облыстық тексеру комиссиясының аудандық бюджеттін игерілуі туралы есебін бекітеді.

Депутат – халықтың қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жеткізіледі.

Халық аманатын арқалаған және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіре отырып, мәслихаттың 30 жылдық мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Әрқашан халықтың қалаулысы деген атқа лайық болып, елдің ертеңі үшін аянбай жұмыс істей берулеріңізге тілектеспін!

Ізгі ниетпен,

Мақтаарал ауданының әкімі

Асанов Бақыт Насырханұлы

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ