Достық ауылдық округі – Мақтаарал ауданы бойынша халқы ең тығыз қоныстанған, көп балалы және аз қамтылған отбасылар көп шоғырланған өңір. Бұл – біз үшін бір жағынан жауапкершілік, екінші жағынан сенім мен сеніп тапсырылған аманат.
2021 жылы округ әкімі ретінде сайланған сәттен бастап, менің басты мақсатым – тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту болды. Ауылдағы әрбір отбасының жағдайын ескеріп, нақты көмек көрсету – менің қызметімнің өзегіне айналды.
✅ Осы бағытта қолға алынған ең маңызды жобалардың бірі – “Ауыл аманаты” бағдарламасы. Жоба аясында округіміздегі 54 шаруаға 2,5%-бен 300 млн теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілді. Бұл қаражат арқылы мал шаруашылығы, егіншілік, кооперативтер мен отбасылық бизнес жолға қойылды.
✅ Сонымен қатар, соңғы 4 жыл ішінде 50 отбасыға қайтарымсыз грант беріліп, олар өз кәсіптерін бастап, табыс көзін ашты. Бұл – тек көмек емес, бұл – үміт пен мүмкіндік!
✅ Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үймен қамтамасыз ету, бір реттік жәрдемақы, оқу мен медициналық қызметтерге жолдама секілді бағдарламалар арқылы аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілді.
📌 Атап өтерлігі – бұл бағытта атқарылған жұмыстар көлемі бойынша бүкіл аудан ішінде біздің округіміз алдыңғы қатарда тұр. Бұл – бірге атқарылған еңбек пен дұрыс бағыттағы жұмыстың нәтижесі.
Басталған іс – жалғасын табуға тиіс. Әлеуметтік көмекпен қатар, өз кәсібін дөңгелетіп отырған әрбір отбасы – ауылдың тірегі, елдің күші. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды кеңейтіп, тағы да көбірек отбасыларға мүмкіндік беруді көздеп отырмыз.
13-шілде күні өтетін сайлауда маған сенім артсаңыздар, “Ауыл аманаты” сияқты тиімді жобаларды жалғастырып, әлеуметтік қолдауды одан әрі күшейтіп, кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты жағдай жасауға күш саламын!
ӘЛЕУМЕТ АУҚАТТЫ БОЛСА – АУЫЛ ДА АЛҒА БАСАДЫ!

Ізгі ниетпен,
АСАУОВ Данияр Жолдасұлы
Достық ауылдық округі әкіміне кандидат