Жаз мезгілінде ата-аналар балаларын сауықтыру лагерлеріне жіберу арқылы олардың денсаулығын нығайтып, жаңа ортада дамуына жағдай жасауға тырысады. Алайда, лагердегі демалыс шынымен пайдалы әрі қауіпсіз болуы үшін, ата-аналар белгілі бір санитарлық талаптар мен ережелерді алдын ала біліп, ескергені жөн. Бұл тек баланың жайлылығы үшін ғана емес, оның денсаулығын қорғау үшін де маңызды.
Ең алдымен, ата-ана баланы жібергелі отырған лагерьдің ресми тіркелген, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін мекеме екеніне көз жеткізуі керек. Лагерьде балалардың жас ерекшелігіне байланысты тамақтану, ұйқы, серуендеу, спорттық және мәдени іс-шаралар нақты режиммен ұйымдастырылуы тиіс. Сонымен қатар, лагерь аумағы таза, қоршалған және қауіпсіз болуы керек.
Балалар лагеріне баратын әрбір бала медициналық тексерістен өтуі тиіс. Бұл тексеру барысында жұқпалы аурулар, созылмалы дерттер мен жалпы денсаулық жағдайы ескеріледі. Баланың медициналық картасында қажетті егулердің жүргізілгені, созылмалы аурулар немесе аллергиялар жөнінде толық мәлімет болуы қажет.
Гигиеналық талаптар да аса маңызды. Лагерьде балаларға арналған жеке төсек орындары, таза ауыз су, жуынатын орындар мен санитарлық тораптар жеткілікті болуы тиіс. Тамақтану төрт мезгілден кем болмауы керек, ал ас мәзірі балалардың жасына және денсаулығына сай жасалуы қажет.
Күнделікті медициналық бақылау – лагердің басты талаптарының бірі. Онда арнайы медициналық қызметкер болуы тиіс, ол балалардың денсаулығын бақылап, қажет жағдайда алғашқы көмек көрсетуге дайын болуы керек. Жұқпалы аурудың белгілері байқалған жағдайда, бала оқшауланып, дереу ата-анасына хабар беріледі.
Ата-аналар лагердегі тәрбиешілер мен қызметкерлердің біліктілігіне де мән беруі қажет. Олар арнайы дайындықтан өтіп, балалармен жұмыс істеуге рұқсат алған болуы тиіс. Сонымен қатар, лагерьде психологиялық қолдау көрсететін мамандардың болуы да баланың эмоционалдық жай-күйіне оң әсер етеді.
Лагерьге аттанар алдында балаға жеке гигиена ережелерін, бөгде адамдармен қарым-қатынаста сақтық шараларын, бөтен дәрілер мен тағамдарды қабылдамау керектігін түсіндіру маңызды. Бұл – кез келген инфекциялық аурудың алдын алуға көмектесетін қарапайым, бірақ тиімді тәсіл.
Қорытындылай келе, баланы сауықтыру лагеріне жіберу – үлкен жауапкершілік. Ата-ана лагерьдің санитарлық жағдайына, медициналық қызметтің сапасына және жалпы ұйымдастыру деңгейіне мұқият көңіл бөлуі тиіс. Осылайша ғана бала үшін лагерьдегі демалыс пайдалы әрі қауіпсіз болмақ.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков