Балалардағы семіздік-дүниежізілік маңызды мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша кәмелетке толмаған балалар арасында артық салмақ немесе семіздікке шалдыққан балалар саны артуда. Сарапшылардың есептеуі бойынша 98% жағдайда семіздіктің себебі дұрыс емес өмір салтында, төмен физикалық белсенділікте және дұрыс тамақтанбауда. Қалған 2% зат алмасу бұзылуларына, эндокриндік патологияға, белгілі бір дәрілерді ұзақ уақыт қабылдауға (гормондық препараттар, антидепрессанттар) және тұқым қуалайтын факторға байланысты. Балалардың теледидар, компьютер, смартфон немесе басқа да гаджеттерді ұзақ уақыт пайдалануынан, күн тәртібі мен ұйқы режимі бұзылады, дене қозғалысы (төмен физикалық белсенділік) азаяды. Балалар мен жасөспірімдердің фаст-фуд, кондитерлік өнімдер мен тәтті газдалған сусындарды тұтынуы семіздікке әкеледі. Себебі қайта өңделген жоғары калориялы тағамдардың бұл санаты құрамында қант, тұз және май көп болады және биологиялық құндылығы өте төмен, өйткені өңдеу барысында олар баланың денесінің қалыпты өсуі мен дамуы үшін өте қажет дәрумендер, тағамдық талшықтар мен басқа да пайдалы биологиялық белсенді заттардан айырылады. Ол өз кезегінде артық салмақ қосудың негізгі себебі. Қарапайым, яғни жылдам көмірсулар мен майлардың (нан-тоқаш өнімдері, тәттілер, десерттер, тәтті газдалған сусындар, фаст-фуд, қуырылған тағамдар) басым болуынан, рационның калориялық мөлшері дененің энергия қажеттілігінен асып түседі, яғни энергетикалық теңгерімсіздік болады.
Артық салмақ пен семіздік денсаулықтың елеусіз проблемаларынан бастап күрделі проблемаларына әкелуі мүмкін:
-асқазан-ішек жолдарының аурулары (ішқату, диарея, гастрит, холецистит, панкреатит және т.б.);
-жүрек-қантамыр жүйесі жұмысындағы бұзылыстар;
-2 типті қантты диабет;
-Жыныстық дамудың бұзылуы;
-Эндокриндік және метаболизмдік бұзылыстар;
-тірек-қимыл аппаратындағы бұзылыстар (артроз және т.б.)
-психологиялық бұзылулар (өзін-өзі бағалау проблемасы, комплекстердің дамуы, сыныптастарының мазақ етуі)
-ұйқының бұзылуы.
Ата-ананың міндеті – бала үшін ерте жастан бастап дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік тәртібін ұйымдастыру. Балаларыңызда дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру.
1.Тұтынылатын қант мөлшерін азайту арқылы рационның калориясын шектеу (тәтті, кондитерлік өнімдер, газдалған тәтті сусындарды тұтынбау, бала кезінен су ішуге үйрету). Фаст-фуд, шұжық, шұжықша, консервілерді шектеу. Рационға майсыз ет, балық, табиғи сүт өнімдерін қосу. Жемістер мен көкөністер, бұршақтар, тұтас дәнді және жаңғақтарды көбірек тұтыну. Теледидар, компьютер, смартфон немесе басқа гаджеттердің алдында тамақ ішуге рұқсат бермеу керек.
2. Жастайынан баланың қимыл-қозғалысқа деген сүйіспеншілігін ояту. Мүмкіндігінше таза ауада көбірек серуендеу. Балалармен бірге таза ауада ойындар ойнау. Баланы мектепке дейінгі жастан бастап спорт секциясына (балағаұнайтын спорт түріне) беру. Күнделікті дене белсенділігінің уақыты кемінде бір сағат болуы керек;
3. Мектеп жұмысынан тыс кезінде экран алдындағы (компьютер, теледидар және мобильді құрылғылар) уақытты күніне екі сағаттан аспайтын етіп шектеу.
4. Балалардың ұйқы режимін қатаң сақтау. Артық салмақ балалар мен ересектерде ұйқының жеткіліксіздігі мен байланысты екендігі белгілі. Балалар кем дегенде 9 сағат ұйықтауы керек.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков