Құрметті Мақтаарал ауданының жастары!
Сіздерді 12 тамыз – Халықаралық жастар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жастар қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші екені анық. Мемлекетіміздің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жастарына деген сенімі өте жоғары. Сіздердің интелектуалдық белсенділіктеріңізді, білімге, ғылымға және спортқа деген ұмтылыстарыңызды, еңбек етуге деген талпыныстарыңызды өз басым әркез жоғары бағалаймын.
Мәселен, 2000-нан аса мақтааралдық студенттер облыс орталығы мен өзге қалаларда, 700-ден астам студенттер шетелдерде білім алуда. Ауданымызда 989 жастар білім саласында, 88 жас денсаулық сақтау саласында, 139 жас мемлекеттік қызмет саласында, 89 жас құқық қорғау органдарында, 1500-ден аса жас басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сонымен қатар, 893 жас өз өзін жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда.
Биыл 109 оқушы Үздік аттестатпен, 129 оқушы Алтын белгімен оқу жылын аяқтап, 597 оқушымыз грант иегері атанды. Оқушыларымыз облыстық, республикалық пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінді. Мәселен, роботехника саласында оқушыларымыз көптеген жарыстардан жүлделі орындармен оралды. Бұл деген мақтааралдық жастардың заманауи білімге деген құштарлығын көрсетеді.
Мақтааралдық жастар спорт саласында да үлкен жетістіктерге жетуде. Соңғы 5 жылда 2 әлем чемпионы, 7 Азия чемпионы және 58 Республика чемпионы ауданымыздан шықты. Сондай-ақ, аз ғана бюджетпен «Мақтаарал» футбол клубымыз тарихта алғаш рет Премьер-лига ойындарында ойын көрсетіп, облыстық командалармен иық тіресе жарыстар өткізді. Мұның өзін біздің жастарымыздың, спортшыларымыздың керемет жетістігі деп білемін.
Ел Тәуелсіздігінің тамырын тереңдетіп, Жаңа Қазақстанымызды іргелі мемлекетке айналдыру жолында Сіздердің күш-жігерлеріңіз үлкен рөлге ие. Сондықтан, жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге қабілетті болуы керек. Дені сау, санасы сергек, білім мен ғылымды, оның ішінде замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриот жастары ғана қазіргі заманда түрлі сынақтардан сүрінбей өте алады.
Жалпы елімізде жастар саясатына үлкен мән беріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастарға тегін жоғары білім беру бағытында гранттардың саны жыл сайын артуда. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларынан өту мерзімі 2 есе ұзартылды. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту сияқты мәселелерге үлкен көңіл бөлінуде. Әрине, мемлекеттің болашағы жастар десек, мұның бәрі де жастар үшін жасалып жатқаны сөзсіз. Сондықтан, барша жастарымызды Президентіміздің айналасына топатсып, оның реформаларын қолдауға, елімізді біргелікте дамытуға шақырамын!
Бүгінгі күнде Мақтаарал ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 42064 адамды, яғни аудан халқының 39,7 пайызын құрайды. Әрине, бұл – үлкен күш. Сондықтан, біз ауданымызда жастар саясатын өз деңгейінде жүргізуге тиіспіз. Осы мақсатта 2024 жылдың 6 айында жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, талантты жастарды қолдау, рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени шаралар мен акциялар ұйымдастыру қолға алынып, әр түрлі бағытта жалпы саны 279 іс-шара өткен.
Жастарымызды жұмыспен қамту бойынша 2,5 пайызбен кәсіпкерлік мақсатта шағын несие алу, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларына жұмыссыз жастарды тарту және NEET санатындағы жастарды азайту үшін жер жерлерде, кенттер мен елдімекендерде арнайы топ түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ай сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өтуде.
Өкінішке орай, 2,5 пайыз несие алуға ниетті жастарымыздың саны өте аз. Біз бұл бойынша облыста ең төменгі көрсеткіште тұрмыз. Кез келген елдің экономикасын көтеретін – бұл кәсіпкерлік саласы. Оның ішінде – өндіріс ошақтары. Бізде кәсіпкерлеріміз дүкен ашу мен сауда-саттықтан әрі аса алмай келеді. Көрші тұрған Өзбекстанға барсаңыздар, әрбір елдімекенде зауыттар, цехтар мен шағын өндіріс ошақтары өте көп. Бізде мемлекетіміз өзіңіздей жастарға көптеген жеңілдіктер, мүмкіндіктер беріп отыр. Кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар қабылданып, шағын несие берудің тетіктері қалыптасқан. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, үлкен мақсаттарға ұмтылып, өз кәсібіңізді бастау арқылы бәріңізді елдің дамуына атсалысуға шақырамын!
Күні кеше аяқталған Париж олимпиадасында да өзбек ағайындарымыз жас спортшыларының арқасында 8 алтын алып, өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрине, сол сияқты еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіретіп, үлкен нәтижеге жету үшін әрбіріңізде үлкен арман, айқын мақсат және жетістікке деген табандылық, ең бастысы «еңбекқорлық» қасиеті болу керек.
Жастарымыздың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алу үшін де жергілікті полиция, прокуратура және аудандық білім бөлімімен біргелікте жұмысшы топ құрылып, тұрақты түрде рейдтік шаралар, психо-профилактикалық, аутодеструктивті іс-шаралар өтіп келеді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастардың бойында радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында 7 кездесу, 2 іс-шара болып өтті. Ауданымыздың жастарының тура жолда жүруін және басқа діни ағымдарға ауытқымау мақсатында ауданымыздың теолог және білікті имамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, арнайы видеороликтер де көрсетілді.
Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыздың әлеуметтік жағдайы, білім мен тәрбие алуы, спортқа тартылуы және отан сүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеу бағыты менің назарымнан ешқашан тыс қалған емес. Менің тапсырмаммен, кенттер мен ауылдық округтер, оның ішінде елдімекендер бойынша әрбір жас азаматтардың әлеуметтік картасын түзіп, оларды белсенді ортаға қосу үшін барлық жағдайларды қарастырудамыз.
Ел Президентінің бастамасымен сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» акциясы өтуде. Әрине, қоршаған ортамызды таза ұстау, көшеттер отырғызып, көгалдандыру, тұрып жатқан үйіміздің қасбеттерін дұрыстау сияқты шараларға ең бірінші болып жастарымыз қатысуы керек. Көшеде біреудің қоқыс лақтырып бара жатқанын байқасақ, қол қуыстырып қарап отырмай, сол жерде неге бұлай ластайсың деп патриоттық сезімдерін оятуымыз керек. Өйткені, туған жерімізді, табиғатымызды аялап ұстау – әрбіріміздің парызымыз!
Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең – солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Жастарымыздың бойында елжандылық, азаматтық пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана патриоттық парасаттары асқақтай түседі. Жастарды жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беру мақсатында жаңа ғасырдағы еліміздің интелектуалдық элитасын қалыптастыруға, мемлекетіміздің басты игілігі болып саналатын этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті қорғауға шақыруымыз керек.
Сондықтан, бүгін «Халықаралық жастар күні» аясында барша аудан жастарына зор денсаулық, қайтпас қайсарлық, білім мен спортқа деген үлкен құштарлық тілеймін!
Ендеше, елдің патриоты болып, мемлекетіміздің дамуына бірге атсалысуларыңызды сұраймын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы