Skip to content
Басты бет / Әлеумет / БАҚЫТ АСАНОВ ТҮРКІСТАНДА ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

БАҚЫТ АСАНОВ ТҮРКІСТАНДА ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

269

Мақтаарал ауданы әкімі Бақыт Асанов Түркістан қаласындағы «Алатау» медиа орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған негізгі жоспарларын таныстырды.

2025 жылдың қорытындысымен аудан экономикасында оң динамика сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 165,7 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты.

2025 жылы ауыл шаруашылығы саласында 85,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Егін және мал шаруашылығы бағытында тұрақты өсім байқалады.

Аудан бойынша 60,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі бағыт – мақта шаруашылығы болып, 35,1 мың гектар алқаптан 99,1 мың тонна мақта жиналды. Сонымен қатар, бақша, дәнді және көкөніс дақылдарынан да мол өнім алынды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту аясында 207 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 2026 жылы осы саланың жалпы өнім көлемін 102 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, 21,9 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінде де айтарлықтай өсім тіркелді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 27,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 67,5 пайызға өсті. 2026 жылы бұл көрсеткішті 29 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. 2025 жылы 37 122 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалды. Әлеуметтік осал топтарға 141 пәтер сатып алынды.

2025 жылы аудан экономикасына 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар асыра орындалды. 2026 жылға негізгі капиталға 60 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Индустриялық аймақта 5 жоба іске асырылып, 5,16 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңдеу саласының әлеуеті күшейтілуде.

Жамбыл ауылдық округі аумағында арнайы экономикалық аймақ құрылып, жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 өндірістік жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасуда. Ұзындығы 152 шақырымды құрайтын жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, өндіріс пен агробизнеске жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар, М-39 «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы 24,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шекаралық өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейтіп, жүк және жолаушы тасымалын арттыруға ықпал етеді.

68 елді мекеннің 58-і 24 сағаттық ауыз сумен қамтылған. Қалған елді мекендерде кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысымен аудан елді мекендерінің 92,6 пайызы табиғи газбен қамтылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен газбен 100 пайыз қамту жоспарланып отыр.

2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 елді мекенде 24 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде асфальт жолдардың үлесі 89,6 пайызға жетті. 2026 жылы 61 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған.

Ауданда 62 білім беру ұйымында 29 811 оқушы білім алуда. 2025 жылы 4 жаңа мектеп пайдалануға беріліп (Оның екеуі келешек мектептері), 5 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.

Ауданда 63 медициналық нысан жұмыс істейді. 2025 жылы 4 жаңа фельдшерлік аккушерлік пункттер пайдалануға берілді. Алдағы жылы тағы 3 нысан салу жоспарлануда.

12 мәдениет үйі, 17 кітапхана және 1 музей халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы 2 жаңа мәдениет үйі салынып, 1 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында 55 мыңға жуық адам қатысқан 100-ден астам сенбілік ұйымдастырылып, 896,5 тонна қоқыс шығарылды. 50 600 ағаш көшеті отырғызылды. Қоғамдық қауіпсіздік бағытында құқық бұзушылық деңгейі 24,5 пайызға төмендеді.

Айта кетейік, жалпы брифинг барысында аудан әкімі Мақтааралдың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, 2026 жылы да инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Кездесу соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.