8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылында тұратын 100 жастағы кейуана Амангүл Мамырованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы ғасыр жасаған абыз ананың хал-жағдайын сұрап, құрмет көрсетіп, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады. Жүз жасаған кейуанаға ізгі тілегін жеткізген аудан әкімі Амангүл әженің өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті. Сондай-ақ, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға буын өкілдеріне әрдайым құрмет көрсетілетінін жеткізіп, ананың ақ батасын алды.
Амангүл Мамырова 1926 жылы дүниеге келген. Ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңдерді бастан өткерген абыз ана бүгінде үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналып отыр. Ол өмірге 5 бала әкеліп, олардан 20 немере мен 20 шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Ұрпақтарының ортасында ақыл-кеңесін айтып, отбасының берекесін келтіріп отырған қазыналы қарияның ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа үлгі.
Кездесу барысында әжейдің отбасы мүшелері де аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген құрмет үшін алғыстарын жеткізді. Өз кезегінде Амангүл әже ел амандығын, жұрт тыныштығын тілеп, батасын берді.
Айта кетейік, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мақтаарал ауданында көпбалалы аналарға, тыл ардагерлеріне және алтын құрсақты аналарға құрмет көрсету шаралары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы аналардың мәртебесін арттырып, аға буын өкілдеріне деген құрметтің айқын көрінісі болып табылады.





