Құрметті Мақтаарал ауданының тұрғындары!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді жаңаруға бастайтын, үміт пен сенімді нығайтатын Жаңа 2026 жылмен шын ықыласпен құттықтаймын!
Өткен жыл ауданымыз үшін табанды еңбек пен нақты нәтижелерге толы кезең болды. Мемлекет басшысының, облыс әкімінің тапсырмалары мен ел дамуына бағытталған бағдарламалар шеңберінде Мақтаарал ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды.
Аудан экономикасын нығайту мақсатында инвестициялық белсенділік артып, кәсіпкерлікті қолдау мен өндірістік әлеуетті кеңейтуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың табысын арттыруға және жергілікті бюджет мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал ететін болады.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында тұрғын үй құрылысы жанданып, әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға берілді. Білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларында жаңа ғимараттар бой көтеріп, елді мекендерде жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту, газ және электр желілерін жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді.
Мақтаарал ауданының тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласында да жүйелі өзгерістер орын алды. Жер ресурстарын тиімді пайдалану, өнім көлемін арттыру, су үнемдеу тәсілдерін енгізу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Биыл барлық дақылдар бойынша өнімді жақсы алдық. Бұл шаруаларға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен қайта өңдеу саласының дамуы аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларында халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге басымдық берілді. Жастарды қолдау, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар да тұрақты түрде жалғасуда.
Ауданымыздағы әрбір жетістік – бірлік пен ынтымақтың, еңбекқор тұрғындардың маңдай терінің жемісі. Осындай игі істердің жүзеге асуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Жаңа 2026 жыл әр отбасыға амандық, береке мен бақ әкелсін! Мақтаарал ауданы үшін өсіп-өркендеу мен жарқын жетістіктерге толы жыл болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы


