1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай Мақтаарал ауданында ерекше ілтипат пен құрметке толы кеш ұйымдастырылды. “Аяулым” мейрамханасында өткен бұл салтанатты жиында ауданның белсенді ардагерлері бас қосып, ақ дастарханнан дәм татты, жылы лебіздер мен шынайы құрметке бөленді.
Іс-шараны Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов өзі бастап, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды мерекемен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде:
“Қарияларымыз – елдің қазынасы. Сіздердің өмір жолдарыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге. Бүгінде еліміздің тыныштығы мен өркендеуіне сіңірген еңбектеріңізді ұмытпаймыз. Жастар сіздерден тағылым алып, елге қызмет етуді үйреніп келеді. Бүгінгі бейбіт өміріміздің негізінде сіздердің маңдай терлеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз жатыр,” – деп атап өтті.
Сонымен қатар, Бақыт Асанов ел бірлігін нығайтуға, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген бірқатар ардагерлерді Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Қадыр Сәрсекбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Маханбет Ердешов, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов те құттықтау сөздерін жеткізді. Олар ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, марапаттарын өз қолдарымен табыстады.
Кеш барысында бір топ ардагерлерге Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл және Қазақстан мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік медальдар табысталды. Бұл медальдар – еліміздің даму жолындағы ардагерлердің сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға.
Салтанатты кешті аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырмен әрледі. Кеш қонақтарына ұлттық және заманауи әндерден шашу шашылып, көңілді кеш мерекелік әсерге толы болды. Ән мен күй, ақ тілектер мен жүрекжарды лебіздер қариялар көңілін бір серпілтіп, ерекше рухани әсер сыйлады. Мейрамхана төрінде дастархан басында бас қосқан қазыналы қарттар ел тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен амандығын тілеп, ақ баталарын берді.










