Өткен аптада Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан көлеміндегі мектеп директорлары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, учаскелік полиция өкілдерімен кеңейтілген жиын өткізді.
Жиын барысында аудан аумағындағы мектеп оқушылары арасында кездесіп жүрген құқықбұзушылықтардың алдын алу, оқу жылының аяқталуына байланысты өтетін «Соңғы қоңырау» салтанатын ұйымдастыру, жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сынды маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімі Бақыт Асанов жиынды аша отырып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігі – мемлекеттік маңызы бар міндет екенін атап өтті. Ол мектеп оқушылары арасында тәртіп бұзушылықтар мен құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін мектеп пен ата-ананың, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында “Соңғы қоңырау” іс-шарасының мазмұнды әрі қауіпсіз өтуіне баса назар аударылды. Әкім мереке кезінде оқушылар мен ата-аналар арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін ескертіп, мектеп басшыларын жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, мерекелік шара кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп бақылау жүргізу керектігі айтылды.
Бақыт Асанов жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі мәдени-бұқаралық, спорттық, тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру қажет екенін де еткізді. Атап айтқанда, балаларды жазғы лагерьлерге жіберу, үйірмелер мен секцияларға тарту, еріктілер қозғалысына қатыстыру секілді жұмыстар күшейтілуі тиіс. Бұл оқушыларды жағымсыз әрекеттерден сақтандырып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына да ықпал етеді.
Жаз мезгілімен қатар келетін шомылу маусымы да өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Аудан әкімінің айтуынша, су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, шомылатын аумақтарды белгілеу, суда жүзу қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, құтқару бекеттерінің жұмысын күшейту тапсырылды. Ата-аналар мен мектеп ұжымдарына да бұл тұрғыда жауапкершілік жүктелді.
Жиын барысында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы жайлы да кеңінен сөз болды. Аудан әкімі қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау, ауылдар мен елді мекендердегі абаттандыру жұмыстары бойынша барлық ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында аудан әкімі Бақыт Асанов барлық қатысушыларға алдағы атқаратын істердің маңыздылығын тағы бір мәрте ескертіп, бұл жұмыстардың үйлесімді орындалуы жас ұрпақтың жарқын болашағына негіз болатынын атап өтті.




