Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков республика көлемінде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Атакент кентіндегі бірқатар заңсыздықтарды жою мақсатында арнайы рейдтік іс-шара өткізді.
Рейдтің басты мақсаты – кенттің көріктілігі мен тазалығын сақтау, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік нысандарын анықтап, олардың жұмысын заң талаптарына сәйкестендіру. Негізгі басымдық – ретсіздікке жол бермеу, халыққа қолайлы ортаны қалыптастыру және тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
4 шақырымдық жолды жаяу жүріп өткен Бижан Анарбеков республикалық маңызы бар “Ташкент” көшесінің бойындағы заңсыз тұрғызылған құрылыс нысандарының, ретсіз орналасқан сауда дүңгіршектерінің, нысандардың сыртқы қасбетінің, сондай-ақ санитарлық тазалық пен тәртіпке қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Іс-шара барысында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар бойынша нақты шешімдер қабылданды. Әкім орынбасары тұрғындар мен кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіріп, ретсіз саудамен күреске барлық тараптың бірлесіп үлес қосуы керектігін айтты.
Рейд нәтижесінде бірнеше кәсіпкерге ескерту жасалып, қайталанған заңбұзушылықтар бойынша айыппұлдар салынды. Сауда орындарының иелеріне нысандардың сыртқы көрінісін ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
“Біз кәсіпкерліктің дамуына еш кедергі келтірмейміз, бірақ бәрі заң шеңберінде және санитарлық талаптарға сай болуы шарт. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміз”, – деді, Бижан Анарбеков.
Айта кетейік, аудан әкімінің орынбасары тарапынан мұндай рейдтік шаралар аладғы уақытта да жалғасын тауып, аталған мәселелер бақылауда болады.












