Суббота, 2 августа, 2025
25.5 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметАбай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік салтанатты түрде ашылды

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік салтанатты түрде ашылды

Бүгін аудандық орталық кітапханада қазақ әдебиетінің алыбы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың дара туған данасы» атты онкүндіктің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, мәдениет қызметкерлері, оқырмандар мен Абай мұрасын құрметтейтін зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашылу салтанаты «Абай ауылына саяхат» атты бейнеслайдпен басталды. Жиналған қауымды құттықтаған Серік Тұрсынқұлов ұлы ақынның рухани мұрасының маңыздылығына тоқталып, онкүндік аясында өтетін шаралардың мәніне ерекше тоқталды.

Аудан кітапханалары ұйымдастырған онкүндік аясында түрлі әдеби кештер, поэтикалық марафондар, кітап көрмелері және Абай шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған мәдени іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ:

4 тамыз күні – «Ұлы даланың Ұлы Абайы» атты кітап көрмесі мен Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу (Аудандық балалар кітапханасында);

5–6 тамыз – «Абайдың асыл мұрасы», «Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы, ерінбе» атты поэтикалық марафондар;

7–8 тамыз – әдеби-сазды кештер мен Абай шығармаларына арналған әдеби кездесулер;

9 тамыз – «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты қара сөздер оқу сағаты;

10 тамыз – Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі (Еңбекші ауылы).

Шара барысында Абайдың өлеңдері оқылып, сырлы да сазды әндері орындалды. Ақынның өміршең шығармаларына арналған көріністер қойылып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Жүргізуші қорытынды сөзінде: «Абай – қазақ руханиятының шамшырағы. Оның мұрасы – ұлттың баға жетпес қазынасы. Ақын есімін қастерлеп, өсиетін ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз», – деп атап өтті.

Онкүндік аясында ұйымдастырылатын шаралар аудан тұрғындарына Абай әлеміне терең үңіліп, ұлы тұлғаның шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ