Skip to content

А.Ахментаева: Қала мектептерінен қалыспаймыз!

176

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасының маңызы зор. Оның басты артықшылығы – балаларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Осындай ерекшеліктерімен дараланған білім ордаларының бірі – Мақтаарал ауданындағы А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі ауылындағы №58 жалпы білім беретін мектебі.

Ұлттық жоба аясында жақында бой көтерген жаңа мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында оқу орнының басшысы Айгүл АХМЕНТАЕВАМЕН әңмелескен едік.


– Айгүл Жасұзаққызы, бұл білім ошағының бұрынғы мектептерден артықшылығы қандай?

– Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасының мәні де, маңызы да зор. «Жайлы мектептің» артықшылығы туралы сөз қозғайтын болсақ, біріншіден, бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 15-20 пайызға кең. Техникалық жарақтануы да төрт еседей жоғары. Озық үлгіде жабдықталған жаңа нысан қала мектептерімен бірдей. Жаңа мектеп ғимараты заманауи талаптарға толық сай келеді. Мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның өзі оқу процесін жүйелеуге және балалардың жас ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Әр блокта оқу кабинеттері, кең әрі жарық спорт залдары, заманауи санитарлық тораптар, тынығу алаңдары қарастырылған. Пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар, шеберханалар халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де қолайлы жағдай жасалған – пандустар, арнайы лифтілер, тактильді белгілер және инклюзивті сыныптар бар.

default

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған, дабыл түймелері, өткізу-бақылау жүйелері іске қосылған. Бұл жоба ауыл мен қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын теңестіруге, сапалы білімге деген қолжетімділікті қамтамасыз етуге, педагог мәртебесін көтеруге бағытталғаны белгілі. Жаңа мектептер – мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, оқушылардың жан-жақты дамуына тың серпін бермек.

– Терең білімді, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу педагогтарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл орайда, өзіңіздің көп жылғы педагогикалық тәжірибеңіз бен ой-пікіріңізді білгіміз келеді.

– Ұлы педагог, ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген екен. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуы тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Сол себепті, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек дей келіп, биыл Астанада өткен дәстүрлі тамыз конференциясында мұғалімдердің жауапкершілігі туралы кеңінен әңгіме қозғады.

Мемлекет басшысы «Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. Өйткені, «Адал азамат» мектепте қалыптасады. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деді. Демек, елімізде білім сапасына айрықша мән беріліп отыр. Біз осы талапқа қашанда сай болуымыз керек.

– Ұстаз беделі, абыройы өзінің білімділігіне, шәкірттерінің жеткен жетістігіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл орайда, үлгілі, озат мұғалімдер мен көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіздің асқан асулары, бағындырған биіктері қандай?

– Біздің мектеп – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат еткен білім ордасы. Оқу жылы басталғалы бері мектебіміз аудандық, облыстық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларда елеулі табыстарға қол жеткізді.

Мектебімізде оқушылардың білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдер оқу үдерісіне кеңінен енгізіліп, білім беру сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді.

Мұғалімдер – мектебіміздің ең негізгі тірегі. Олар үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тәжірибелерін жетілдіріп келеді. Сондай-ақ түрлі кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.

Айталық, информатика пәнінің мұғалімі Ш.Асабаева «Ыбырай жазулары» байқауының аудандық кезеңінде 1-орын иеленіп, облысқа жолдама алды. География пәнінің мұғалімі А.Әділбекова екінші орынға, ал, бастауыш сынып мұғалімі Қ.Жұманазарова үшінші орынға ие болды.

«Пед идея» байқауында көркем еңбек пәнінің мұғалімі Б.Өстеміров аудандық кезеңнен 1-орын иеленіп, облыста 2-орын иегері атанды. А.Қадырбекова тәрбие бағыты бойынша «Педагогикалық идеяға» қатысып, аудандық кезеңнен 1-орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Оқушыларымыз да пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға белсене қатысып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.

Ауыл Олимпиадасынан» 3 оқушымыз облыстық кезеңге өтіп, 9-сынып оқушысы І.Қыдырәлі 3-орын иегері атанды. «Ділмар» сайысынан 10-сынып оқушысы Р.Ябаев аудандық кезеңде 1-орын иеленіп, облысқа жолдама алды. «Зерде» ғылыми жоба сайысынан 6-сынып оқушысы Н.Базарбек аудандық кезеңде 1-орын иеленіп, облыстық сайысқа барғалы отыр.

«Алтын сақа» олимпиадасынан 3-сынып оқушысы О.Төрегелді 1-орын, 4-сынып оқушысы Н.Төрегелді 3-орын иеленді.

Информатика пәнінен аудандық пән олимпиадасына 7-сынып оқушысы А.Құдайқұл қатысып, 2-орын иеленді. Аудандық «Ақберен» эссе жазу байқауында 8-сынып оқушысы Д.Смайыл бірінші орынды жеңіп алды. Ал, 8-сынып оқушысы Н.Алқабек облыстық байқауда 3-орынды иеленді.

Мектебіміз алдағы уақытта да білім сапасын жақсарту бағытында табанды жұмыстар жүргізіп, ұрпақ тәрбиелеу ісін тиянақты жалғастыра беретін болады.

– Еліміздің абыройын асқақтататын шәкірттеріңіз көп болғай!


Сұхбаттасқан

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.

Мақтаарал ауданы.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.