Еуропа елдерінде қарттардың өмір сүруін қадағалау, олар үшін түрлі үйірмелер мен клубтар ашу, сол арқылы зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтпау жақсы қолға алынған әрі кәдімгідей қадағаланады. Бұл үлкендердің ғұмыр жасының ұзақ болуына да әсер етері сөзсіз.
Осы мақсатта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжат ҚР-ның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын және Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленген. Онда әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту екені атап көрсетілген.
Жалпы, жоспарда 9 бағыт бойынша іске асырылуы керек 36 іс-шара бар: Аға буын азаматтарының құқықтары мен қадір-қасиеттерін сақталуын қамтамасыз ету; Материалдық жағдайды жақсарту; Аға буын азаматтарының жұмыспен қамтылуын арттыру; Егде адамдары бар отбасыларды қолдау; Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру; Әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру; Бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау; Қоғамдық сананы жаңғырту; Төтенше жағдай кезеңінде қарт адамдарды қолдау.
Осының бәрі аға буын азаматтардың өмір сүру сапасын, өмір ұзақтығын арттыруға, әлеуметтік және психологиялық саламаттылыққа, әлеуметтік өмірге тартуға бағытталған. Мәселен, «Бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау» бағыты аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу, қарт адамдар үшін мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, қарттар күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Осы мақсатта Мақтаарал аудандық Мырзакент ауруханасы СӨСҚ мамандары және ЖТД, психолог мамааны «Замандастар және Ten Qogam» орталығына барып, «Дені саудың-жаны сау» тақырыбында семинар-акция өткізілді.
Іс-шара барысында ардагерлеріміз бен қарттарымызға денсаулық күтімі және созылмалы аурулардың алдын алуға кеңес берілді. Сондай-ақ, қарттарымыздың көңіл-күйін көтеру мақсатында психологиялық тренингтер өткізілді.
«Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Осы өмір жолында барлығымызға қатысы бар мерейлі шақ. Асылы, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан қасиет-салтымыз. Қарттары бар ел – қазыналы ел» – дейді, аурухана мамандары.
Айта кетейік, «Ұлттық жоспарды» әзірлеу кезінде Мадридтің қартаю мәселелері жөніндегі халықаралық іс-қимыл жоспарының ұсыныстары ескерілді. Онда қарт адамдардың тек әлеуметтік қамтамасыз етілуіне ғана емес, сонымен қатар зияткерлік және өндірістік тәжірибе иесі, қоғам дамуының белсенді қатысушылары ретінде сұранысқа ие болуына бағытталған шаралар қарастырылған. Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ анықтаған 7 пайыздық шекті еңсеріп, халқы қартайған елдерге жатқызылды. Еліміздің 8 аймағына қартаю процесі тән.