Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл
Сұлтанбек Қожановтың ғұмырнамасы
Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов 10 қыркүйек 1894 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Түркістандағы 4 сыныптық орыс-түзем бастауыш мектебін, одан соң 3 сыныптық қалалық мектепті, 1910-1913 жылдарда Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясын оқып бітірген.
1925-27 жылдары Мәскеу қаласындағы БК (б)П ОК Марксизм-ленинизм оқуын бітірген. С.Қожанов саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. Сұлтанбек Қожанұлы 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне делегат болып қатысты. Соның артынша, тамыздың басында өткізілген Түркістан аймағы қырғыз-қазақтарының жалпы жиылысында хатшылық жасап, Тұрар Рысқұлов, Ибраһим Қасымов, Ғалимұхамед Көтібаров, Иса Тоқтыбаев, Садық Өтегенов секілді азаматтармен бірге Сырдария облыстық қырғыз-қазақ комитетіне мүшелікке және Бүкіл ресейлік құрылтай жиналысына өкіл-дікке сайланды.
Осы саяси құрылымның жаршысына айналған «Бірлік туы» газетінің жауапты шығарушысы міндетін 1917 жылғы желтоқсанның 16-нан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 1918 жылғы сәуірдің ортасына дейін атқарды. Газет жұмысына М.Дулатұлы, Х.Болғанбайұлы, А.Мәметұлы және Ш.Сарыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Н.Құлжанұлы, И.Тоқтыбайұлы белсене атсалысты.
Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды.
Мұғалімдік мамандығына кірісіп, Түркістандағы халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған қазақтарға жәрдем беру комитетін басқарады. Ташкентке барып, педагогикалық училище мен педагогикалық курстарда сабақ береді.Ұстаздық қызметіне ұйымдасты-рушылық қабілетін ұштастырып, Қазақ-қырғыз институтының қабырғасын қаласады.
1919 жылы қайтадан Түркістан қаласына ауыстырылып, уездік-қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі.
1920 жылдың наурызында Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланған шақта коммунистік партияның қатарына өтіп, көп ұзамай Сырдария облыстық революциялық комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады. Сөйтіп, Сұлтанбек Қожанұлын ірі саяси-қоғамдық тұлға ретінде қалыптастырған 1920-1924 жылдардың аралығын қамтитын Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасындағы қайраткерлік кезеңі басталды.
Ол 1920 жылдың қыркүйек айында қазақтар С.Аспандияров, О.Жандосов, Н.Төреқұлов, түркімен Қ.Атабаев, өзбектер С.Қасымқожаев, А.Бабажанов, Т.Оразбаев, тәжік А.Рахымбаевпен бірге Түркістан коммунистік партиясы орталық комитетінің толық мүшелігіне енгізіліп, өлкедегі ықпалды партия және кеңес қызмет-керлерінің қатарына қосылды. Бұдан кейінгі мерзім ішінде Түркістан коммунистік партиясы V-VІІІ съездерінің, Түркістан республикасы кеңестері ІХ-ХІІІ съездерінің, Кеңес одағы коммунистік партиясы Х-ХІІІ, ХІV съездерінің делегаты болып сайланды.
Республикалық бюджетті орталық ұйымдардың алдында тиесілі дәрежеде қорғау, комиссариаттардың басы артық әкімшілік құрылымдарын қысқарту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын тиімді ұйымдастыру мәселелерін көтерді.
Оқу-ағарту мекемелерін есепке алу және қаржылық-материалдық жағдайын ойластыру, мұғалімдер даярлау сапасына көңіл бөлу, билер мен қазылар сотын қаржыландыруды ұмытпау, аймақтық баспа-сөздің дамуына ықпал етуді назардан тыс қалдырмады. Көшпелі және жартылай көшпелі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлау, Түркімен облысына, оның ішінде, әсіресе, жәуміттерге қатысты мәселелерді, сондай-ақ Ферғанадағы жер-су проблемаларын уақытылы талқыға салу, салық саясатын жүзеге асыру, бағаны реттеу, т.б. қыруар шаруамен қатар айналысқандығын көреміз.
Оның көсемсөздік шығармаларында дәуірдің тынысы, қоғамның мұқтажы, елдің тілегі қапысыз бедерленсе, поэзиясына әлеуметтік әуезділік, азаматтық және адамгершілік ауан, пәлсапалық пайым тән. Ол орыстың А.Крайский, П.Арский, А.Безымянский, Д.Бедный секілді пролетариат ақындарымен қоса, орыс символизмінің көрнекті өкілдерінің бірі К.Бальмонттың өлеңін де қазақшалаған.
«Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанұлы қызмет бабында жүргенде Қазақстанның, Өзбекстанның жалпы Орта Азия жастарының оқып білім алуына үлкен жол ашты. Олардың көпшілігін Орынбор, Троицк, Қазан, Мәскеу және Ленинград қалаларындағы оқу орындарына жолдама алып берді. М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан мұхтариятының басшылығында болуы, олардың Алашорда үкіметімен байланыс жасауына мүмкіндік беріп, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Осы мәселе 1918 жылдың 4-9 қаңтарында Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды. Өздерінің тарихи миссиясы бойынша ерекше маңызға ие болған бұл категорияның арасынан советтік қоғамда көрнекті қайраткерлерге айналған ұлттық элитаның мықты өкілдері өсіп шықты. Олардың қатарында М.Тынышпаев, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, А.Серғазиев, Қ.Ибрагимов, И.Тоқтыбаев, Б.Аралбаев, Қ.Сармолдаев, С.Есқараев, О.Жандосов, Т.Жүргенов, Н.Рүстемов, Ә.Палмұхамедов, Ә.Құдабаев, Н.Сатығұлов, Қ.Болғанбаев, Қ.Қожықов, Қ.Күлетов және т. б. көптеген тұлғаны атауға болады. Аталған тұлғалар Түркістан республикасының жоғарғы билік құрылымдарында басшылық қызметтер атқарып, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға елеулі ықпал жасаған еді. Олардың қызметіне ғылыми талдау жасағанда саяси көзқарастары мен өмірлік ұстанымдарының әр қилылығы басты назарда болуы керек. Бірі таптық, бірі ұлттық идеяға қызмет жасағанымен олар өз заманының перзенттері. Демек, Сұлтанбек Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайды. Ұлт барда ұлттық мүдде бар.
1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті.
Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды.
1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
1922-1924 жылы Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Мемлекеттік қайраткер ретінде Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды.
1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Кеңестердің І съезінде қазақ халқының тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауын «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
1925 жылы қарашада БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды.
1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-1931 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды.
1931-1932 жылы БК(б)П ОК аппаратында істеді. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды.
Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан.
РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И.Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған.
1928 жылы Орта Азия партия тарихы институты қайраткердің «Кеңестік Түркістан автономиясының он жылдығына» атты кітабын басып шығарды. Осында ол жаңа республика құрудың қиын өткелдері мен алдағы міндеттерді айқын жазады. Сондай-ақ, осы ұлт күрескерінің И.Сталинмен пікірталасы әлі күнге аңыз болып айтылады. Ол қиын жылдары Алаш азаматтарына да көп көмектесті.
1923 жылы Мағжанның өлең кітабына алғысөз жазып жариялады. Фольклоршы Ә.Диваевқа ерекше қолдау көрсетті. Өзі де елдің мәдени-рухани шараларына атсалысып, «Ақжол», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Шолпан» журналына сан салалы мақалалар жазады. С.Қожанов көп замандастары секілді халыққа арналған сөзін өлеңмен де жеткізді. Оның шығармашылығында «Нені айтайын?», «Кім жауапкер?», «Көреміз!», «Шынға ұқсаған пікірлер», «Бұл кім?», «Тілмаштарға бір сын» т.б. өлеңдері мен К.Бальмонт, Эзоп (Д.Бедный тәржімесі) туындыларынан қазақша сөйлеткен аудармалары бар.
Сұлтанбек Қожанов 937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, 1938 жылы 8 ақпанда атылды, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды, 1957 жылы ақталды.
Сұлтанбекті ұлықтау
С.Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.
Осыған байланысты тәуелсіздік алған жылдардан бері Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында Сұлтанбек Қожановқа көше аттары беріліп, ескерткіштері ашыла бастады. Олардың орнатылуына мемлекет тарапынан және қалталы зиялы қауым өкілдері де үлес қосуда. Мысалы, Қызылорда қаласы С.Ысқақов атындағы Қызылорда «Құрылыс және бизнес» колледжі ауласында бабамыз Сұлтанбек Қожанұлына арналған ескерткіш тұрғызылған.
Оның туған күні қарсаңында колледж студенттері мен ұстаздары және тұрғындар жиналып тағзым ету, гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған.
Тарих ешқашанда ұмытылмауы тиіс. С.Қожановтай қайраткерлердің атқарған қызметтері, халық үшін жасаған жақсылықтары ешқашан ұмытылмақ емес.
Мемлекет және қоғам қайраткеріне арнап Алматы қаласындағы Сұлтанбек Қожанов пен Тайыр Жароков көшесінің қиылысында еркерткіш мүсін орнатылды.Ескерткіш мүсіннің қойылуына ұйытқы болған Сұлтанбек Қожанов қорының төрағасы Мұқан Әбдіраманұлы.
ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесі қарсаңында 2019 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналып Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі С.Қожанов көшесінің бойынан ескерткіші ашылды. Алматы, Шымкент,Түркістан, Кентау қалаларында С.Қожановтың есімі берілген. Облыс орталығы Түркістанда ескерткіші қойылған. Сонымен қатар, 1994 жылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің «Советская» көшесіне Сұлтанбек Қожановтың есімі берілген болатын.
Түркістан қаласында Саттар Ерубаев мемориалдық музейінде Саттар Ерубаев пен Сұлтанбек Қожановтың әдеби мұралары жинақталған. Музейдің көше бетіндегі терезе жақтауының төменгі жағында оқушы қолымен қашап жазылған «Х. Су…н» деген жазу ғана сақталыпты. Жергілікті тұрғындар бұл 1910 жылы аталған мектепте білім алған Сұлтанбек Қожановтың қолтаңбасы деп біледі.
Бұл қолтаңбаны ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров тауыпты. Нысанның сыртына тазарту жұмыстары жүріп жатқан сәтте көріп қалған. Содан БАҚ арқылы мақалалалар жазып, құнды дүниемен көпшілікті таныстырған.Созақ ауданы, Ақсүмбе ауыл ында Сұлтанбекке арналған 100 орындық мектептің іргесі қаланып, оның жанынан ескерткіш тақта орнатылған. Марқасқа тұлғаның 125 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында мектеп алдындағы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, іргетасы жаңадан қаланып жатқан орта мектептің алғашқы кірпіші қаланды. Мектептің алғашқы кірпішін жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі Салыхан Полатов қалады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музей ғимараты пайдалануға берілді. Музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Ортағасырды жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 2700 астам астам жәдігер сақталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламысы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру үшін алдағы екі жылда құнды жәдігердің санын 5000 жеткізу жоспары бар. Сұлтанбек Қожаннов атындағы өлкетану музейінің құрылысы аудандық бюджеттен соғылған.
Биыл Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына Кентау қаласында «Сұлтанбек Қожанов және ұлттық мемлекет құру идеясы: тарихы мен бүгінгі тәжірибелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Туған жері Созақта «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректоры Гүлжан Сүгірбаева, Бейбіт Қойшыбаев, Дандай Ысқақұлы, Тұрсын Хазіретәлі бастаған қожановтанушы ғалымдар, немересі Санжар Қожанов, көршілес Өзбекстан және еліміздің әр өңірінен келген делегация мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлтын сүйген ұлы тұлғаны ұлықтады.
Сұлтанбектану әлемі
Кітапхана қорындағы Сұлтанбектану әлеміне шолу.
1. Сұлтанбек Қожанұлы таңдамалы шығармалар архивтік құжаттар кітабында – Сұлтанбек Қожанұлының таңдамалы шығармалары мен оның қоғамдық саяси қызметіне қатысты Ресей, Өзбекстан, Қазақстан архивтерінен табылған құжаттар топтастырылған. Енгізілген материалдар С.Қожанов қызмет жолын, көзқарас эволюциясы мен тағдыр – талайын жүйелі түрде пайымдауға қолайлы болуы үшін хронологиялық тәртіп бойынша берілді. Жинақтың алғашқы бөлімінде қаламгер – қайраткердің қоғамдық – саяси, оқу – ағарту, шаруашылық, әдебиет руханият тақырыбындағы мақалаларымен қоса, өлеңдері мен аудармалары енгізілген. Кітаптың екінші бөлімінде С.Қожанұлының қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін өмірбаяндық құжаттары, анықтамалар, мандаттар, бұйрықтар, каулы – қарарлар, түрлі мәжіліс хаттамалары мен олардың үзінділері, билік құрылымында жолданған жедел хаттар, мәліметтер мен қызметтік жазбалар жинақталды. Жинақ қоғамдық – гуманитарлық ғылымдар саласының мамандарына, жоғары оқу орныдарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына және ұлт тарихына қызығатын көпшілік қауымға арналған.
2. Сұлтанбек Қожанов кітабы – 1917 жылғы революциялар толқынындар жарқырап шыққан Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлға Сұлтанбек Кожановтың еңбегі туралы баяндалған. Алашорда дәуірінен бастап қазақ жер суын бір шаңыраққа біріктіру жағында болды, Кеңес дәуірінде оны жүзеге асырушылардың алдыңғы сапында жүрді.
Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасы жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін жанқиярлықпен еңбек етті. Сталин тізімі бойынша «үлкен қызыл террор» құрбаны болды. Оның өмір жолы мен қызметі жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевтың көпшілік назарына ұсынылып отырған осы кітабында баяндалады.
3. Шығыстың Сұлтанбегі кітабы – Нұрғали Қыдырбаевтың кезекті жинағы халқымыздың біртуар тұлғаларының бірі Сұлтанбек Қожанұлының тарихи бейнесін сомдауға арналған «Шығыстың Сұлтанбегі» хикаяты енген. Сонымен бірге бүгінгі замандастардың ішкі ой – пікір әлемі мен олардың психологиялық дүниетанымын танып – білуге елеулі ұмтылыс жасалған әңгімелері және балалар тақырыбына байланысты жазылған көркем дүниелері мен көркем аудармалары енген. Қаламгердің шығармаларында оқиғаның дамуы мен кейіпкерлер бейнесін айшықтауда соны ізденістер байқалады. Жинақтағы хикаят және көркем әңгімелер оқырманды адамгершілік құндылықтарын бағалай білуге, өзара сыйластыққа, тату-тәтті қарым – қатынасты орнықтыруға және имандылыққа үндейді. Алаш арысы- Халқымыздың жарқын болашағы үшін аянбай күресіп, солжолда жазықсыз мерт болған аяулы азаматымыз Сұлтанбек Қожановтың ерлікке толы күрес жолы мен шығармашылық еңбектері еліміз тәуелсіздік алған жырлардан кейін ғана қолға алынып, лайықты өз бағасын алып отыр.
4. Алаштың бір асылы – Сұлтанбек Қожанов кітабы – С.Қожановтың қоғамдық – саяси, шығармашылық қызметі мен өршіл рухпен өрілген өнегелі өмірі мен қиында қысталаң тағдырына қатысты ғылыми, әдеби және естелік мақалалардан құралған. Кеңестік тоталитарлық билік «ұлтшыл» деп қуғынға салған қайраткер ел жадында ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың бастауында тұрған нағыз ұлтжанды тұлға болып қалуы тиіс. Кітаптың мазмұны осы идеяны өзек етеді. Кітап елім, жерім деген отансүйгіш, ұлтжанды ұрпаққа ұлағат ретінде қалың оқырманға қауымға арналған.
Сұлтанбек Қожановтың бойтұмардай қастерлі, құдіреті саналуан өнегелі өмір жолдарының бір парасы баяндалатын үш бөлімді деректі жинақ: 1-бөлім – Сұтанбек Қожанов және қазақ зиялыларының ой–пікірлері; 2-бөлім – Сұлтанбек Қожановтың шығармашылығы және жұбайы Күләндәмнің естеліктері,Сұлтанбек –дастан; 3-бөлім – «Ұлым» дейтін елі болмаса… деген тараулармен құрастырылған. Еңбек М.Қарғабай және М.Алмахановтың авторлығымен шыққан кітап Қожановтың 125 жылдығы мен 130 жылдығына арналып ұсынылған.
Қорытындылай келе, Сұлтанбек Қожанов жоғары мәдениетті тұлға. Түркістанда ішкі істер, ағарту, жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің алғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыстар атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді. Сұлтанбек Қожанұлының ғылымдағы ғалымдық тұлғасы мен ғибраттық жолы мәңгілік өшпейтін, мәңгілік зерттелетін мұра.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы,
«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің меңгерушісі Динара БЕРІКҚЫЗЫ